Биллклинтон Осипов полиция қызметкерінің бір күні екінші күніне ұқсамайтынын айтады
Алматылық Биллклинтон өзіне абырой әкелген қызметке келмей тұрып мегаполисімізде білім алғанын алға тартып, Almaty.tv арнасыға сұхбат берді. Бүгінде ерекше есімді азамат ел іргесінің нығая түсуіне септігін тигізіп келеді.
Биллклинтон Осипов қазіргі қызметіне өткен жылдың күзінде орналасқан. Әріптестерінің айтуынша, 1996 жылы дүниеге келген азамат бүгінде өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Онымен танысқанда мұндай есімді бірінші рет естігенін айтады.
«Биллмен алғаш танысып, ол аты-жөнін айтқанда, сенбедім. Сол кезде жеке куәлігіне қарадым. Әзілдеп тұр деп ойладым. Көзім жеткен соң, қалай сондай ат қойған деп таңғалдым. Өзі қарапайым жігіт, Алматы қаласының тумасы екен», - дейді Медеу ауданы ПБ жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Думан Оразалиев.
Полиция лейтенантының есімін әріптестері Билл деп қысқартып айтады екен. Оны әріптестері жақсы дос, өз ісінің маманы ретінде біледі.
Алматылық Биллклинтон мінген қызметтік көлік, әрине, президент отыратын қымбат көлік емес. Алайда оның Отанға абыройлы қызмет етуіне еш кедергі келтірмейді.
Жергілікті тәртіп сақшылары барлық шақыртуларға жедел жетеді. Биллклинтонның айтуынша, полиция қызметкерінің бір күні екінші күніне ұқсамайды. Бұл жұмыс сонысымен де қызық дейді.
«Қарапайым күндері 10-15 шақырту болады. Бәріне барамыз. Толық жұмысымызды атқарамыз. Қолдан келгенше өзімізге қатысты жұмысты істеуге тырысамыз», - дейді Медеу ауданы ПБ жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Биллклинтон Осипов.
Билл шыр етіп дүниеге келгенде оған анасы ырымдап сол кездегі АҚШ президентінің атын қойыпты. Полиция қызметкері бала күнінде сол кісідей болғысы келіпті. Алайда марқұм әкесінің жолын қуып, бүгінде тәртіп сақшысы болып қоғам тыныштығын сақтауға атсалысып келеді.
Оразай Нұртай, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы