Білім ордасындағы шу: Алматы облысында құрылысшылар бас көтерді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жұмысшылардың айтуынша, мердігердің 13 млн теңге берешегі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Шелек ауылында басы даудан арылмаған білім ордасынан тағы шу шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ендігіде нысанда күні-түні еңбек еткен құрылысшылар бас көтерді. Екі айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүрген 20-дан астам адам қарызға белшеден баттық деп көмек сұрады. Айтуларынша компанияның 13 миллион теңге берешегі бар. Ал жергілікті әкімдік жағдайдан бейхабар екенін айтып, жауапкершілікті мердігерлерге сілтеумен болды.

Шелек ауылында Абай атындағы 800 орындық мектептің құрылысы сағызша созылып, қыста қаржыландыруы тоқтап та қалған еді. Енді мердігер білім ордасындағы әктеп, сылау сынды жұмысы жаз бойы істегендердің ақысын беруге асықпайтын көрінеді. Жұмысшылардың айтуынша компания бірнеше уақыттан бері ақша беруден жалтарып, түрлі сылтаумен уақытты кейінге шегеріп жүр дейді.

«Мектепке баратын екі балам бар, оларға киім алып беретін ақшам да жоқ. Өзім жалдамалы пәтерде тұрамын, оны төлейтін ақша да жоқ», - дейді жұмысшы Эльмира Есдаулетова.

«Екі күннің ақшасын бір төлеп жүрді. Өзім үйдің кенжесімін, отбасымды асырап отырмын. Бала-шағаны киіндіру керек. Қарызға ақша сұрап жатқан жоқпыз, өзіміздің еңбегіміздің ақысын ала алмай жүрміз», - деді жұмысшы Бексұлтан Мырзағали.

Күн-түн демей еңбек еткен жалдамалы жұмысшылардың жалақысына жете алмай жүргеніне 2 айдың жүзі болыпты. Ал олардың қарызы күн санап еселеніп, тіпті көрші дүкендер нан беруден бас тартқан көрінеді.

Жұмысшылардың уәжін ауыл әкімдігі тыңдап, мәселені назарға алатынын жеткізді. Жауапты мердігер компаниямен сөйлесеміз деп сендірді.

«Бұл кісілерге қанша ақша қарыз екенін біз анықтап білейік. Мердігер мекемемен хабарласамыз. Осы жақын арада шешіп беруге тырысамыз», - деді Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Ертай Құрманбаев.

Құрылыс компаниясы өкілінің айтуынша, жұмысшылардың еңбекақысы объект толық тексеріліп біткеннен соң беріледі, оған дейін түзетулер болуы мүмкін.

«Атқарылған жұмысқа ұсақ-түйек шағымдар бар. Сол түзетулерді қалыпқа келтірсе, ақшалары төленеді», - дейді мердігер компания өкілі Қуаныш Әкімжанов.

Таза еңбегінің ақысын ала алмай қиналған жұрттың базынасын тыңдауға келген біздің арна тілшілері жауаптылармен де тілдесті. Бір қызығы құрылысқа атсалысқан ұжымға бірнеше сағаттан кейін ақша толық аударылыпты. Енді олар қалған жұмысты бітіріп, құрылысты аяқтаймыз деп отыр.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы

Новости партнеров