ТЖ: 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем алудың шарттары өзгерді

01.04.2020 04:52

Көпшілік арасында талқыға түскен әлеуметтік төлемнен кімдер үмітті?

Фото zakon.kz

Елімізде 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем алудың шарттары өзгерді, деп хабарлайды Almaty.tv

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға берілетін төлемді рәсімдеу тәртібінің жаңарғанын хабарлады.

Көпшілік арасында талқыға түскен әлеуметтік төлемнен кімдер үмітті? Бұған дейін азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде қызмет көрсетіп, салық агенттері арқылы мемлекетке түсім аударып келгендер ғана оған қол жеткізсе, енді, әлеуметтік төлемақы алатындар тізімі карантин енгізілген өңірлердегі ірі бизнес нысандарының жұмысшыларымен де толықты.

«Біріншісі, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысудың мерзімінің азайюы. Соңғы бір жыл ішінде мемлекеттік сақтандыру жүйесіне қатысу міндетті болатын. Енді ол 1 жылға қысқартылды. Яғни, өтінім беруші  2019 жылдың наурыз айынан бастап 1 ай мемлекеттік сақтандыру жүйесіне қатысса, құжаттарын өткізіп,әлеуметтік төлемді ала алады», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.

Бұған дейін, төлем алу үшін жұмысшылардан табысынан айырылғанын растайтын құжат талап етілсе, қазір ол қажет емес. Халық арасында алғашқы құжат тапсырып үлгерген мың жарым адам ғана төлем ала алады деген ақпарат та қауесет.

«Жоқ, ондай шектеу жоқ. Төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз қалған азаматтардың барлығы да төлем ала алады. Арызына сәйкес қаралады. Ол 1500 бола ма, 2000 бола ма, оған қарамайды», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.  

Төтенше жағдайда мұндай жәрдем әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Қаржы алуға мүмкіндігі бар қызметкерлердің тізімін карантин кезінде өз жұмысшыларына жалақы төлей алмай отырған жұмыс беруші компания басшылары береді. Одан бөлек, жұмысшы басышысының құжат өткізгенін күтпей-ақ, өзі де өтініш тастаса болады.

Төлем алуға мекемеге барып, кезекке тұрып, қолыңызға мынандай қопыраған қағаз жинаудың қажеті жоқ. Барлық құжаттар онлайн түрде жүргізіледі. Ол үшін egov.kz сайтына кіріп, жеке ЖСН-іңізді енгізіп, тіркелесіз. Жүйге кіргеннен кейін, электрондық өтініштер бағытына кіресіз. Содан кейін онлайн сұрау деген батырма шығады. Осы жерге  жұмыс орныңызды, телефоныңызды, барлық мәліметті енгізенсіз. Бұрын 7 жұмыс күннің ішінде жауап келсе, қазір ол 3 күнге қысқарды. Яғни, сіздің сұранысыңызға ереже сәйкес келсе, 3 күн ішінде 42 500 теңге картаңызға түседі.  

Бүгінде қаладағы 8 ауданда осы жұмысқа орай арнайы штаб жұмыс істеп тұр. Қазір 500 кәсіпорыннан әлеуметтік төлемге өтінім келіп түскен. Ол дегеніңіз 2500-ге жуық қызметкер. Аталған қызметтен еліміздің бір жарым миллионға жуық азаматы үмітті.

Ұлағат Арғын, Рашид Шүкірәлиев, "Алматы" арнасы