Алматыда жер сілкінісіне медицина қызметкерлерінің дайындығы пысықталды

02.02.2024 23:29

Емханалардың бірінде сейсможаттығу өтті

Almaty.tv

Тосыннан келген табиғи апатқа медициналық қызметкерлердің даярлығын пысықтау үшін Алматыдағы №24 емхана аумағында сейсможаттығу өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv. 

Құтқару қызметі қамтып өткен қауіпсіздік шараларының ішінде жер сілкінісі кезінде жедел әрекет ету амалдары көрсетілді. Басты мақсат - апат кезінде адам шығынының алдын алу.

- Жер сілкінісі кенеттен әрі қысқа уақытта болатын құбылыс болғандықтан, ойлануға және жылдам әрекет етуге тура келеді. Кез келген азамат зілзала кезіндегі оң қадамын білсе, әрекеттерді пайдалы әрі тиімді қолдана алады, - дейді Түрксіб ауданы төтенше жағдайлар басқармасының аға инспекторы Әлібек Жарқынбеков.

Жаттығу басталарда мекемеде қауіпсіздік дабылы қағылып, қала тұрғындары қауіпсіз жерге орналастырылды. Ал даярлықтан өткен дәрігерлер келушілерге көмек көрсетті.  Барлығы 200-ге жуық медицина қызметкері жұмыс істейтін емхана күніне 500 адам қабылдайтындықтан, мұндай жаттығулардың маңызы өте зор деп санайды жаттығуға қатысушылар.

- Апаттан соң құлаған қабырғалар астында қалған науқастар болса, оларды құтқарып қалудың арнайы алгоритмін үйреніп жатырмыз. Біз үшін бұл аса қажет жаттығу деп білемін. Алдағы уақытта да осындай оқу-жаттығулар өткізілуі керек деп ойлаймын, - дейді №24 емхананың төтенше жағдай бойынша инженері Зәуреш Алмасбекова.

Оқи отырыңыз: Ерболат Досаев Digital Almaty цифрлық форумына қатысты