Ауданның 30-ға жуық көшесіне жарық тартылмаған, ауызсу мәселесі де шешілмеген
Алматыда Наурызбай ауданына қарасты «Тастыбұлақ» ықшамауданының тұрғындары өмірі үшін алаңдайды. Олар жергілікті биліктен су құбыры жанында ойылып қалған жерді жабуды сұрайды. Өткен жылы жол жөнделгенімен, ойылған жерді ойлап жатқан ешкім жоқ дейді. Ал, күн өткен сайын асфальт опырылып барады. Оның бетіне жауып қойған темір жабындысы тіпті адам салмағын да көтере алмайтын болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Түнде бұл жерде жарық жоқ. Сондықтан көліктер көп түсіп кетіп жатады. Мынаған қарамайды да ешкім. Ешкімге керек жоқ болып тұр», - деді Дәулет ӘШІМХАН.
«Тастыбұлақ» ықшамауданының тұрғындары балаларын өз үйлерінің ауласынан алысқа жібергісі жоқ. Себебі ойылған жерге құлап кете ма деп қорқады. Ал, жұқа темірден жабылған жер адам шошырлық.
«Өздері осы жерден өтеді. Мынаны қабылдау керек еді ғой. Бірақ та дұрыстап тазалайды», - деді Гүлмира ШОЙТАСОВА.
Көшедегі жарық шамдарының жоқтығы мәселені одан сайын ушықтырып тұр. Ата-аналар қараңғы уақытта балаларды мектептен көлікпен алып қайтуға мәжбүр. Мұнда 30 жуық көшеде жарық тартылмаған.
«Бүгінде шетсіз қала жобасы аясында Наурызбай ауданындағы 244 көшені жарықтандыру бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Ал, «Тастыбұлақ» ықшамауданын айтсақ, 17 шақырымға созылған 29 көшеге жарық тарту өтініші берілді. Көшеге жарық шамдар орнату құрылысы келесі жылдың аяғына дейін аяқталады», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы Көріктендіру бөлімінің бас маманы Оңалбек ҚЫДЫРБАЕВ.
Аталған ауданда бұдан бөлек ауыз су мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Суару маусымы бастала сала, ауызсу үлкен бас ауруға айналады. Кесірінен тұрғындар жаз шықса басқа жаққа көшеміз дейді. Ауданның коммуналдық шаруашылық қызметіндегілер ауызсу мәселесі жақын күндері шешілмейтіндігін кесіп айтты. Олардың айтуынша, су құбырларын жүргізу құрылысы тек 2020 жылы бірақ басталады.
«Бұл су құбырының жанындағы олқылықты жөндеуге тырысамыз. Дегенмен, бұл Алматы судың қарамағында емес. Сол себепті коммуналдық шаруашылықтың құзыретінде емес. Бұл саяжай бірлестігінде тұратын тұрғындардың өздері жүргізген», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жандос ТАҚЫБАЕВ.
Жергілікті билік өз кезегінде ойылған жерді жамауға уәде берді. Бұл проблема алдағы аптада шешіледі деп сендірді. Ал, тұрғындар мәселе толығымен шешілмейінше сақтық шараларын ұстануға тура келеді.
Арнат Дүйсен, Арсен Сандыбаев, Әсет Құндақбаев, Алматы телеарнасы