Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы Жеміс-жидек ауылы тұрғындары көпшілік демалатын орынға жеке тұлғаның нысан тұрғызуына наразы. Жұртшылық биліктен ағашы оталып, әсемдігінен айырылған саябақты қайта қалпына келтіруді сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жапониялық сакура, қырымның емені, кавказдық катальпа, шырша, қайың. Өңірде сирек кездесетін бұл жасыл желек жылдар бойы осы саябақ аумағында көгеріп, біршамасы күні бүгінге дейін сақталған еді. 2018 жылы демалыс орнының екі учаскесі жеке тұлғаға сатылып, ол жер қараусыз қалған. Меншік иесі ондағы талдарды отап, өртеп жіберіпті.
Бұл орынға сауда нысанын тұрғызамын дегенде ғана мұндағылар жердің сатылып кеткенін білген. Енді ауыл халқы саябақты қайта қалпына келтіруді сұрап отыр.
«Бұл жаққа шырғанақ теруге келетінбіз. Түрлі дәрілік шөп өсетін. Оларды кептіріп емге қолданатынбыз. Қазір балалардың барып ойнайтын жері жоқ. Балабақшадан келген соң жолдың шетімен серуендейміз», – деді облыс тұрғыны Рыскүл Шыңдалиева.
Ауылдағы белсенді азаматтардың саябақ мәселесін айтып бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Әлеуметтік желімен де, eOtinish жүйесі арқылы да аудан, облыс әкімдігіне, тіпті Мәжіліс депутаттарына дейін өтінішін жеткізіпті. Бірақ мәселе шешілмеген.
Аудан әкімдігі болса, халық өтінішінен хабардармыз деп отыр. Тіпті жекеменшікке өткен екі учаскені де мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алу жұмыстарын бастадық дейді.
«Ол жерге мемлекеттік-әлеуметтік нысан салу жоспарымызда бар. Балалар спортпен шұғылдансын деген мақсатпен спорт кешенін салу көзделіп отыр. Осы жоспарымызды жүзеге асыру үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатыр», – деді Меркі ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Нәрікбаев.
Ендігіде саябақ аумағын сатып алған екі тұлғаға басқа аумақтан жер телімі беріледі немесе өтемақы төленбек. Ал ауыл халқы сирек кездесетін талдарды отаған азаматқа айыппұл салу қажет дейді.
Жомарт Есқара, Ғалымжан Есенбаев, «Алматы» телеарнасы