Соңғы жылдары облыста 95 заманауи өндіріс орны ашылып, 10 мың адам жұмыспен қамтылған
Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы индустриалды аймаққа ат басын тіреді. Павлодар облысына барған үгіт-насихат тобы түрлі сала мамандарымен жолықты. Нақтырақ айтсақ, этномәдени ұйым өкілдері, жұмысшылар және жалынды жастар сайлауалды бағдарламаның бағыттарын тыңдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Павлодар облысы – еліміздің ірі индустриалды аймақтарының бірі. Өңірдің атағын шығарған ірі кәсіпорындар мен зауыттар десек, соңғы жылдары олардың саны тағы көбейген. Нақтырақ айтсақ 95 заманауи өндіріс орны ашылып, 10 мың жаңа жұмыс орны пайда болды.
«Қасым-Жомарт Кемелұлының бағдарламасы Елбасының саясатының сабақтастығын қамтамасыз етуге, Тұңғыш Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ары қарай жалғастыруға, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының басшысы Мәулен ӘШІМБАЕВ.
Сайлауалды бағдарламаның бір тарауында алдағы бес жылда жастарға ерекше көңіл бөлінеді делінген. Яғни жастардың кәсіп ашуы, білім алуы және әлеуметтік жағдайының жақсаруына екпін салынбақшы.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осы бойынша көптеген жұмыстар атқарыла бастады. Жастардың ойынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жұмыстарды жалғастырып, әрдайым жастарды қолдайды деген үміттеміз», – дейді Павлодар облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығының бөлім басшысы Серікболсын ҚИНАЯТОВ.