Астанада баспана құрылысына шектеу қойылуы мүмкін

20.09.2023 23:31

Биыл Астанада 166 үй салынды

Иллюстративное фото weproject.media

Астанада баспана құрылысына шектеу қойылуы мүмкін. Енді бас шаһарда көркі көз тартатын, сәулетті де зәулім тұрғын үйлер салу мәселесі майшаммен қаралады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бас қала үшін басты проблема – инфрақұрылым. Қала тұрғындарына су, жылу, жарық жетіспей жатыр. Шектеу қоймаса, жағдай қиындай түсуі мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, шектеу инженерлік желілер салынып біткенге дейін жалғасатынын айтты. Бұл құрылыс қарқынына әсер етпейді.

– Құрылыс тоқтамайды. Құрылыс жалғасады. Халық тарапынан пәтерге сұраныс көп, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев

Министр «алдымен су, жылу, жарық, жолға деген сұранысты қамтып алуымыз керек» деді. Ал сарапшы мамандар баспана бағасы 15 пайызға қымбаттап кетеді деп болжам отыр. Астанада соңғы 3 жылда инфрақұрылымның тұрғын үй қарқынына ілесе алмауы байқалған.

– Астанаға жыл сайын көшіп келушілер саны 50-60 мыңға жетеді. Сол себепті үйге сұраныс азаяды деп ойламаймын. Керісінше бағаға кері әсері бар. Дамыған мемлекеттерде экономикалық жолмен шектеледі. Су, жер тапшылығы болса, үйдің бағасы өседі. Ауылдағы, кіші қалалардағы үйдің бағасы қолжетімді етіп, халықтың қалаға көшуін экономикалық жолмен шектейді, – деді «Қазақстан құрылысшылар одағы» Астана қалалық филиалының директоры Вячеслав Лазарев.

Сарапшылар болжамынша, тұрғын үй бағасы арзандамайды. Республика бойынша бастапқы нарықтағы жылжымайтын мүліктің құны жыл басынан 1,6 пайыз өскен. Ал бас қалада 2,1пайызға қымбаттаған. Тұрғын үй салуды тежеу баспана нарығына оң әсер бермейтін сыңайлы.

Биыл 6 айда Астанада барлығы 166 үй салынды. Бұл өткен жылдың қаңтар-маусымына қарағанда 30 пайызға аз. Астанадан басқа Алматы қаласы мен Қарағанды және Павлодар облысында да осындай тенденция байқалады.

Оқи отырыңыз: Сақ болыңыз: қандай тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алуға болмайды