Жаңа жылға дейін Таусамалы көшелеріне асфальт төселеді

24.11.2023 23:33

Қаржыландыруды қайта бөлу себебінен жол жабыны толық төселмеді

Сурет: Алматы әкімдігі

Алматыдағы Таусамалы шағынауданының барлық көшелеріне 2023 жылдың қараша айының соңына дейін асфальт төселеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Наурызбай ауданына жұмыс сапары барысында Ерболат Досаев Таусамалы шағынауданына барды, мұнда жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Көлік инфрақұрылымының жағдайы екі жыл бойы шағынаудан тұрғындарын алаңдатты. 2021 жылы "Ак-Мешит Мелиоратор" ЖШС мердігерлік ұйымы инженерлік коммуникацияларды жүргізген соң жобаны түзету және қаржыландыруды қайта бөлу себебінен жол жабыны толық төселмеді. Жалпы ұзындығы 3,5 км болатын 6 көшенің учаскелері асфальтсыз қалды. Қала басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы Наурызбай ауданы әкімдігінің сұрауы бойынша орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге өтініш қалалық мобильділік басқармасына жолданды, жол төсемін қалпына келтіруге жауапты мердігер – "Жетісу Жол Құрылыс" ЖШС анықталды.

Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева қала басшысына қазіргі уақытта шағынауданның 4 көшесінде асфальт төсемді қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын, қалған учаскелерді биылғы 30 қарашаға дейін аяқтау жоспарланғанын баяндады.

Жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесті, олар көлік инфрақұрылымымен екі жылдық проблеманы шешкені үшін алғыс білдірді. Мегаполис басшысына сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесін айтты. Атап айтқанда, "Қарғалы" су қабылдау станциясын іске қосу туралы сөз болды. Ерболат Досаев ҚазҚСҒЗИ 2023  жылдың жазында тест сынағының қорытындысы бойынша ескертулер жойылғаннан кейін оң қорытынды бергенін атап өтті. Станциядағы жұмыстар 95% аяқталды. Сондай-ақ 2025 жылдың соңына қарай "Ақсай" станциясының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Осылайша, Наурызбай ауданы батыс жағынан да, шығыс жағынан да орталық сумен үздіксіз қамтамасыз етіледі.

Оқи отырыңыз: Ерболат Досаев ТжКБ дамыту туралы: "Біздің мамандар нарықта сұранысқа ие болуы тиіс"