Елімізде құмай тазы тұқымы құрып барады

09.09.2020 18:10

Бүгінде жеті қазынаның бірі болып саналатын қазақы тазылар мен төбеттердің қазір құрып кетудің аза-ақ алдында тұрғанын айтады

Құмай тазы тұқымы құрып барады. Еліміз бойынша асыл тұқымды иттердің саны қазір 150-ден аспайды. Зоолог және кинолог мамандар қазақы құмай тазылардың қатары жыл өткен сайын кеміп баратынын айтып қынжылады. Ұлт жанашырлары бұлай жалғаса берсе, асыл тұқымдылардың тіпті, құрып кету қауіпі барын да жасырмады. Аңшы иттердің бүгінгі жай-күйімен  Almaty.tv тілшіcі танысып қайтты.

20 жыл бойы асыл тұқымды иттерді өсірумен айналысып жүрген кинолог маман Кәмилә Елеусізованы қазақы тазы өсірушілердің кәсіби кинологиялық клубын құрғандардың бірі десек қателеспеспіз. Бүгінде жеті қазынаның бірі болып саналатын қазақы тазылар мен төбеттердің қазір құрып кетудің аза-ақ алдында тұрғанын айтады.

«91 жылы бұл іспен енді айналысып бастағанымызда, асыл тұқымдылардың санын құжаттарымен бірге 300-ге дейін көбейткен едік. Қазір олардың саны 150-ге жетер-жетпес», – деді сарапшы-кинолог Кәмилә Елеусізова.

Асылы, құмайдың ерекше белгілері күшік кезінен байқалады. Қазақы құмай тазы үй қоритын ит емес. Ол адам баласына үрмейді. Тек саятшылыққа бейім. Таза қанды тазы тұқымдасын қарақұйрық, киік, түлкі, қоян, қасқыр аулауға пайдаланған. Сосын із кесушілік, иісшілдік қасиеті тіптен жоғары.

Тазы тұқымының сиреуіне оларды басқа тұқымды иттермен шатыстыру себеп дейді кинолог мамандар. Нәтижесінде, тазы генофондының бұзылып, өзіндік қасиеттерінің жойылуына әкеліп соққан. Ал қазіргі пандемия жағдайында аңшы иттерді көбейтумен айналысатындар тіпті жоқтың қасы дейді сарапшылар.

«Қазір тазыларды басқа тұқымдас иттермен будандастыратын болды. Бұл олардың тұқымының жойылуына алып барады. Ал оларды шатыстыратын иттердің де өзінің мекен ететін ортасы бар емес пе?» – деді зоолог, кинолог Константин Плахов.

Сарапшылар шет мемлекеттерде қазақы тазыларға деген қызығушылық артып бара жатқанын алға тартады. Бұл ретте отандық итбегілер ғасырлар бойы халқымызбен жасасып, ерекшеленген тазының қазақ даласынан құрып кетпеуі үшін бұл мәселеге қоғам назарын аударту қажет дейді. Енді тез арада жеті қазынамыздың бірін жоғалтып алмауды, тұқымын көбейтіп, санын арттыруды жолға қою қажет сыңайлы.

Сая Меңдеке, Татьяна Ким, Ялкунжан Ашимжанов,  «Алматы» телеарнасы