Көмір жоқ: Шымкенттегі жылыжайда өнімдер үсіп кетті

20.01.2023 23:34

Жылыжайдағы құбырдың біраз бөлігіне мұз қатып, жарылған

Almaty.tv.

Шымкентте жылыжайдағы өнімдер үсіп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оңтүстіктегі үскірік аяз өңір шаруаларын тығырыққа тіреп отыр. Қалың қардың кесірінен кейбір жылыжайлар қирап та қалыпты. Бір ғана шаруашылықты алатын болсақ, шамамен 100 млн теңгеден астам шығынға ұшыраған.

Қызанақ өнімдерімен айналысатын бұл шаруашылық жазға дейін 3 гектар аумақтан өнім алуы тиіс еді. Бірақ соңғы екі аптадағы аязда голландиялық көшеттер үсіп қалған. Серіктестік өкілдерінің айтуынша, бұған ең алдымен көмір тапшылығы мен оның сапасы себеп болған.

«Көмір қыздыра алмайды. Қыздырған күннің өзінде керекті градусты бере алмайды да, сол себепті бас жағы жылы, насос айдап жетем дегенше аяқ жағы суып қалып жатты. Өткендегі қатты аязда мына жағы қатып қалған, содан үсік алып жатыр», – деді жылыжай басқарушысының көмекшісі Серік Мұстафаев

Жылыжайдағы құбырдың біраз бөлігіне мұз қатып, жарылған. Қатты отынның қалдығы көп болғандықтан, 4 қазандықтың екеуі істен шығыпты. Енді мұндағылар амалдың жоқтығынан қызанақтарды көк түйін күйінде теріп алып жатыр. Ең болмағанда іріктелген көк өнімдерді қызартып, арзан бағада болса да өткізгісі келеді. Дихандар коммуналдық төлемге кететін қаражаттың бір бөлігін жабуға тырысып жатыр.

«Жоспар бойынша 1200-1300 тоннадай теру керек болатынбыз. Алайда біз қазір 250 тонна ғана тердік. Қалған өнімнің бәрі ысырапқа кетті, үсіп қалды. Бүкіл томат өсімдікті,  үсіген өсімдіктің бәрін жинап алып, қайтадан егу керек боп тұр. Бәрі – қосымша шығын», – деді бас агроном Мерей Терлікбаев

Жылыжайдың қазіргі шығынының өзі 100 млн теңгеден асады. Банктен несие алып, бизнес бастаған серіктестік өкілдері «несиені өтеу мерзімін тоқтата тұрса» дейді. Аяздың кесірінен зардап шегіп отырған кәсіп иелері тек Шымкент қаласында емес, Түркістан облысында да бар. Сарыағаштық шаруалар да жаппай көмір іздеп, шарқ ұрып жүр. Аймаққа қажетті көлемде көмір жеткізу мәселесі жергілікті жерде шешілер емес. Себебі көмір Шұбаркөлден келмей жатыр. Өзекті проблеманы Парламентте Сенатор Әли Бектаев та көтерді.

«Сарыағаш ауданының тұрғындары мен шаруаларын әлеуметтік көмірмен қамтамасыз етуді тез арада шешу керек. Бүгінгі таңда Сарыағаштың көмір базаларында халыққа қажетті көмір жоқ деп айтуға болады. Ал жылыжайлар өнімінің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларға да қосымша көмір бөлу мәселесі ушығып тұр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев

Қазір жылыжай иелері құбыр қатып қалмас үшін сапасыз отынды пайдалануға мәжбүр. Шаруаларға ауа райының жылуын күтуден басқа амал қалмай тұр. Себебі көшеттері өніп, егуге дайын тұр. Бірер күнде жерге отырғызбаса өсіп кетіп, тамыр алмай қалу қаупі бар.

Гүлдана Дәурен, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен