Жоғары оқу орнын немесе арнайы колледжді бітірген жас маман ауылдық немесе аудандық әкімдіктерге конкурссыз жұмысқа орналаса алады. Іріктеусіз өту қағидаты төменгі лауазымды қызмет түріне қатысты қолданылмақ. Мемлекеттік қызметтегі бұл өзгерісті агенттік басшысы Дархан Жазықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, тиісті заң жобасы қазір Мәжілісте қаралып жатыр.
Жыл басында Президент мемлекеттік қызметті жетілдіре түсу қажет деп тапсырма берген еді. Жоғарыдағы заң жобасы Парламенттің төменгі палатасының қарауында. Ол құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің жұмысын жылына 4 рет бағалау ұсынылған.
«Бірінші мемлекетке кіретін алғашқы ЖОО бітірген немесе жас мамандар ауылдық немесе аудандық әкімдік аппаратына төменгі лауазымға іріктеусіз жұмысқа орналаса алады. Бұл арқылы жастар төменгі лауазымнан бастап жұмыс атқарып, қоғамдық белсенділігін арттыра алады», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.
Бұл мүмкіндік грантта оқыған жастарға қарастырылған. Салада тағы бір жаңалық мемлекеттік қызметшілерді бағалау жүйесі өзгерді. Бұрын 2 жыл тиімді бағалаудан өтуі тиіс мемлекеттік қызметші енді меритократия қағидатымен 4-тоқсаннан жоғары лауазымға тағайындала алады. Саясаттанушының айтуынша, енгізілген өзгеріс тиімсіз.
«Біз ауылды, аудандық жерге емтихансыз жұмысқа алуына қарсымыз. Ол дұрыс емес. Қазақстандық білім жүйесі мықты деп айта алмаймын. Оқығанымен мемлекет қызметкер деңгейіне білімі, тәжірибесі жетпейді», – деді саясаттанушы Азаматхан Әміртаев
Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, мемлекеттік қызмет тиімділігі үшін арнайы платформаны енгізу өте маңызды. Онда мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа келу және кету уақыты, олар іске асырған жобалардың саны мен сапасы тіркелуі тиіс. Көрсеткіштер негізінде әр қызметшінің рейтингі қалыптасады. Сапа да болады.
Камшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы