Биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуір басталып, 1 мамырда аяқталады
Биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуір басталып, 1 мамырда аяқталады. Сәуірдің 27-сінен 28-іне қараған түн – Қадір түні, 2-мамыр – Ораза айт. Бұл туралы хабарлаған Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан тарауих намазы Құран хатыммен 47 мешітте оқылады деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал пітір садақа көлемі 500 теңге болып бекітілген. Сондай-ақ бас имам оразада орталық мешітте «Рамазан шатыры» құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылатынын жеткізді. Одан бөлек, Рамазанға қатысты кітапшалар мен 15 мың тираждық ораза кестесін тарату да жоспарланып отыр екен.
«Рамазан – Құран айы. Сол себепті, осы айда қала мешіттерінде Құран әліппесі мен намаз үйрету курстары жүргізіледі. Оразаның алғашқы күні жұртшылыққа Ораза айының келгенін сүйіншілеу мақсатында «Қош келдің, Рамазан!» айдарымен қала көшелерінде 100 000 (жүз мың) дана су мен құрма таратылады», - деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.
Ал қаланың бас имамының бірінші орынбасары пітір садақаны тек мешітке беру міндетті емес, оны мұқтаж жандар мен жағдайы нашар отбасыларға қаражатпен немесе ұнмен беруге болады деді. Одан бөлек, «ramazan2022.kz» сайтында арнайы «Пітір садақа беру» деген батырма арқылы да садақа жіберуге мүмкіндік жасалған. Ержан Базарбекұлы бұдан бөлек, ораза ұстаған жамағаттың екпе алуына тыйым салынбайды деді.
«Вакцина оразаны бұзбайды. Себебі ол адам денесіне күш қуат беретін дәрі болып саналмайды. Бұл адам денесіне дәрі деп саналған нәрсенің бәрін қабылдай беруге болады деген сөз емес. Вакцина ауру салдарынан алдағы уақытта ораза ұстай алмай қалмау үшін және аурудан сақтану үшін қолдану оразаны бұзбайды деп пәтуа берілген», - деді Алматы қаласы бас имамының бірінші орынбасары Ержан Есім.