Алматылықтар AMANAT партиясына қандай ұсыныстарымен келді

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала тұрғындарынан 50-ге жуық ұсыныс түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

АМАNАТ партиясының Алматы қалалық және аудандық филиалдарында халықтың ұсыныс-тілегін жинау жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Халықпен кездесіп, талап-тілектерін тыңдаушылардың қатарында Гүлжан Бекенова, Арайлым Шамова, Ерұлан Карағұлов, Сергей Пономарев,  Сана Жандай, Серік Есматов сынды партия белсенділері мен экс-депутаттары бар. Айтуларынша, бұл ұсыныс сайлауалды бағдарламаны әзірлеген кезде ескеріледі. Сонымен қатар, бұл – әрбір партия мүшесінің қала мен ауданның тыныс-тіршілігіне араласуына септігін тигізеді. Бүгінгі күнге дейін қала тұрғындарынан 50-ге жуық ұсыныс-тілек келіп түскен.

Мысалы, кезекті бір қабылдауда қалада трамвай желісін қалпына келтіруді ұсынған.

«Қазіргі кезде қаламызда үлкен экологиялық мәселе орын алуда, бұл 850 мың бірліктен асқан көлік құралдарының қозғалысынан деп ойлаймын. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы атап өткендей, трамвай желісін қалпына келтіру қажет деп санаймыз. Метро – бұл ұзақ және қымбат. Сондықтан қала орталығынан әртүрлі бағыттарға трамвай қозғалысын ашып, Киев жеңіл рельсті трамвайына ұқсас жерүсті метросын салуды ұсынамыз», – дейді алматылық тұрғын.

Бұдан бөлек, зейнеткерлікке шығу жасын төмендету, азық-түлік бағасын реттеу және бақылауда ұстау, сондай-ақ кейбір дәрілік препараттарды тегін бөлуге қатысты ұсыныс жинақталған. Мәселен, жыл сайын қарашадан наурызға дейін аудандық емханаларда конкурстық рәсімге байланысты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде кешіктірулер орын алған. 

"Денсаулық сақтау тақырыбы аясындағы кейбір заңнамалық актілерге тиісті өзгеріс енгізуді талап ететін бұл ұсыныс сайлауалды бағдарламаны әзірлеуде қаралатын болады. Айта кету керек, сайлау туралы заңға сәйкес, партияның қоғамдық қабылдаулары халыққа көмек беру, кеңес беру жұмысын тоқтатты. Бүгінде партия азаматтардан тек ұсыныс-тілек жинап, сараптаумен айналысуда. Алматы қаласында АМАNАТ партиясының 9 қоғамдық қабылдау бөлімі жұмыс істеп жатыр. Барлық сұрақтар бойынша қалалық филиалдың сенім телефонына хабарласуға болады: 279 78 00, 8 777 640 78 52", – деді АМАNАТ партиясының Алматы қалалық және аудандық филиалының мамандары.

Новости партнеров