Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды

23.12.2021 23:37

Стратегиялық нысанды жаңартудың құрылысы 5 жыл бойы жүрген

Almaty.tv

Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Енді Ақсу ауданындағы суармалы жер көлемі бірнеше есеге артпақ. Стратегиялық нысанды жаңартудың құрылысы 5 жыл бойы жүрген. Су торабын іске қосу шарасына Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов арнайы келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Қызылағаш су қоймасының ауылшаруашылығы саласындағы маңызы зор. Енді аймақтағы қант қызылшасының алқабы артады деген болжам бар. Осыған дейін қоймадағы су 1,5 мың гектар егістік жерге ғана жетсе, енді суармалы егістік көлемі 7 мың гектарға дейін ұлғаймақ. Жалпы, су қоймасын жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 5,6 миллиард теңге бөлінген. Тораптың биіктігі – 55 метр, мұнда 42,2 миллион текше метр су сияды.

«2021 жылы 30 миллион куб су жинап көрді. Ағызып, қазір 7-8 миллион куб шамасында бар. 2020 жылы 20 миллион куб су жинап көрді. Енді осы көктемде автоматиканы тексеру үшін 30 миллион куб су қайтадан жинап қар еруімен, содан ары жобаның қуаттылығы бойынша 42 миллион куб жинап көруге болады», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.

Жобаға жауапты бас мердігер «Қазсушар» мекемесі су қоймасына дейін 12 шақырым жол мен электр желісін тартқан. Мұнда төтенше жағдайдың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлініпті. Мәселен, нысан айналасы бейнебақылау камераларымен жабдықталған, ал автоматты жүйе су көлемін қадағалайды.

«Нысанда барлығы 45 датчик орнатылған. Тәулік бойы жұмыс істейтін сол қондырғылардың арқасында су қоймасының жай-күйін қадағалаймыз. Қанша көлемде су жиналғанын және жіберілгенін бақылап отырамыз. Техникалардың қай жерінен ақау шыққаны автоматты түрде есепке алынып, жазылады», – деді «Қазсушар» РМК IT бойынша басқарушы директоры Дастан Нарынбаев.

Алматы облысында Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен 4 аудандағы суару желілерін қайта жаңғырту жобалары қолға алынған. Ол іске асса, барлығы 35,4 мың гектар суармалы жер қалпына келмек.

Жанар Ғаниқызы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы