Тазы күні: қазақы итті баптап отырған азаматтар федерация құруды ұсынды

25.07.2024 23:57

Республикада асыл тұқымдылардың саны 500-ге жетпейді

Almaty.tv

«Елімізде Тазы күнін бекітіп, оны ұлттық брендке айналдыру керек». Қазақы итті баптап отырған азаматтар осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жеті қазынаның қатарына қосылған құмай тазылар ертеден-ақ құрығын салған ұры мен малға түскен бөріден жұртты аман сақтап, саятшылықтың сәнін келтіргенін білеміз. Бейресми мәліметтерге сенсек, республикада асыл тұқымдылардың саны 500-ге жетпейді.

Абзал Досман «тазы баптау – ата кәсібіміз» дейді. Бала кезден асыл тұқымдыларды күтумен айналысқан итбегінің қазір 20-дан астам тазысы бар. Әкесі де, атасы да осы іспен шұғылданған. Текті жануардың тұқымын баптап жүрген азамат «насихаттау жұмысы мықтап қолға алынса» дейді.

– Елімізде ұлттық спорт қауымдастығына кіретін ұлттық спорт түрінен 10 ұлттық спорт федерациясы бар.  «Шырға тарту» – тазылардың жарысы. Осы жарысты спорт ретінде есепке алып, федерация ашылса деген ұсыныс айтып отырмыз, – деді «Nomad» ұлттық аңшылық қоғамдық қорының мүшесі Абзал Досман.

Сондай-ақ итбегі елімізде Тазы күнін немесе Ұлттық аңшылық күнін бекітсе деген ниетін білдірді. Ол қарашаның алғашқы жексенбісіне белгіленсе, қансонарға тұспа-тұс келеді. Сондай-ақ ол «асыл тұқымды жануарды шекарадан арнайы рұқсатпен өткізу керек» дейді.

Ал Сұлтансері Бекетұлының 40-тан астам тазысы бар. «Нағыз тазы бап тілемейді» деп сөзін бастаған итбегі «табиғаттың жаратылысын ұлттық құндылық жойылып кетпеуі үшін сақтау – міндеттіміз» дейді.

– Жүгіртіп, өкпесін ашып, аяғын қатайтып отырамыз. Тамаққа келсек, қалауын береміз. Ол өзін жаратып отырады, – деді итбегі Сұлтансері Бекетұлы.

Құмай тазының ұлтымыз үшін бағзыдан бағалы екені белгілі. Деректерге сенсек, текті жануардың тұқымы қазақ жерінде 7 мың жыл бұрын пайда болған. Ол кезде оның құны бір үйір жылқыға тең болған көрінеді. Тіпті қыздың қалың малына тазы сұраған оқиғалар да болған. Ал орыс зерттеушілері Қазан төңкерісіне дейін ұлы далада 10 мыңнан аса құмай тазы болғанын жазды.

2019 жылдары кинологтар «ерекше көңіл бөлмесек, мүлдем жоғалтып аламыз» деп дабыл қақты. Дәл осы тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев тазының ұлттық құндылық екенін айтып, оған айрықша көңіл бөлу туралы пәрмен берді. Ал былтыр қаңтарда тазы мен төбетті сақтау, көбейтуге қатысты заң қабылданды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық, кәсіби көзқарас қажет. Сол үшін арнайы заң қабылдадық».

Итбегілер текті жануарды сақтап қалу үшін «ит тұқымының дұрыс есебін жүргізу қажет» дейді. Өзге тұқымдармен араластыруға, будандастыруға жол берілмеуі керек.

Қазақтың тазысы әлі терең зерттелмеді. Егер бастама жолға қойылса, «қазақ тазысының келешегі бар» деп сенеміз.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Атырауда аққулар қырылып жатыр