100 күннің жүгі: сарапшылар Тоқаев сайланған 100 күнде атқарылған істерге баға берді

19.09.2019 23:41

Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған  100 күн ішінде мемлекет басшысының қабылдаған маңызды шешімдеріне қатысты отандық сарапшылар не дейді? Тікелей байланыста саясаттанушы Азаматхан Әміртай мырзаның пікірін білсек.

«Бүгін Президент Тоқаевтың президенттік қызметке кіргеніне 100 күн толды. Осы жүз күннің ішінде мемлекет басшысы өзінің жолдауында нақты қандай мақсаттарға жететінін, қандай стратегиялар мен мәселелерді қозғайтынын айтты. Оның бірі – зейнетақы қорындағы жатқан қаражатты халықтың мақсатында пайдалану. Бүгінде халықтың 10 триллион теңгесі зейнетақы қорында жатыр екен. Егерде оны тиімді басқара алсақ,  1 триллиондай пайда табуға болады», – деді белгілі сарапшы Азаматхан Әміртай.

Сондай-ақ ол Президент жолдауда айтқан екінші мәселеге де арнайы тоқталды.

«Президенттің көтерген тағы бір маңызды мәселесі –  шағын бизнеске 3 жылға салықты тоқтату. Бұл да кәсіпкерліктің дамуына үлкен мүмкіндік береді. Себебі кәсіпкерлік бүгінде үздіксіз тексерістерден дамымай отыр. Сонымен қатар, Президент Қытайға барған сапарында ол елге өткізетін бидайдың көлемін үш есеге көбейту жөнінде айтты. Соны осы жақында солтүстік облыстарды аралап, нақты шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып, бидай саласын көтеруге күшті салуды бастап жатыр», – деді ол.

Мемлекет басшысының жаңадан қабылдап жатқан бағадарламалары қандай нәтиже беруі мүмкін. Азаматхан Әміртай ол жөнінде былай деді.

«Мысалы ауылшаруашылық саласын экономикамыздың локомотиві деп, соған күш салуымызға болады. Әрине, оның бірі –Қазақстанда мықты дамып келе жатқан бидай өнімі. Бидай, ет, өсімдік өнімдерін дамыту міндетті түрде 5-10 жылдан кейін өзінің нақты нәтижесін көрсетеді. Сонымен қатар құрылыс саласындағы, зейнетақы қорындағы құрылысқа үй салуға мүмкіндік беретін болса, біздің Қазақстанда құрылыс саласы тағы да көтеріледі. Оның үстіне Президент Атырауда болған кезінде мұнайды 100 миллион тоннаға дейін көтереміз деп айтты. Ол 100 миллион тонна арқылы бюджетімізге тағы да үлкен кіріс кіреді», – деді сарапшы Азаматхан Әміртай.