Халықтан түскен қаражат пен гуманитарлық көмекке арнайы қоғамдық комиссия құрылған
«Арысты қалпына келтіру – мемлекет басшысының жеке бақылауында!» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бүгін осындай мәлімдеме жасап, халықты арандатушылардың ырқына берілмеуге және қауесетке сенбеуге шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, Үкіметке қаланы, әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін қаражат бөлуге тиісті тапсырма берілгенін жеткізді. Қордаланған мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Ал мейірімді жандардан келіп түскен қаражат пен гуманитарлық көмек арыстықтарға ашық әрі әділ түрде бөлінеді. Ол үшін арнайы қоғамдық комиссия құрылған.
«Мемлекет басшысының берген тапсырмасы бар. Біз енді барлық мүмкіндікті пайдаланып, бір айда барлығын қалыпқа келтіруге тырысамыз. Бүгін түске дейін Шымкент қаласындағы Арыс тұрғындарына арналған 54 бекеттің 4-5-ін араладық. Олардың жағдайларын көрдік. Барлығы жақсы. Азық-түлік, киім-кешек, тіпті тиісті дәрі-дәрмекке дейін қамтамасыз етілген», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВ.