Қазақстанда қоқыс сатып алатын «Эколом» жобасы пайда болды

18.10.2019 23:42

Елімізде қоқыс өңдеумен айналысатын 130-ға жуық мекеме оның тек 9 пайызын ғана өндіруге қауқары жетеді екен

Бұдан бұлай, қоқыс тастағаныңыз үшін, айыппұл төлемей, керісінше ақша табуға болады. Алматыда бастау алған тың жоба тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрмыстық және өндірістік қалдықтар мәселесі - еліміз үшін нақты шешімді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі. Қазақстанда қоқысты кәдеге жарату ісіне ерекше мән беріле бастады. Осы орайда, қалдықтарды өңдеуді дамыту мақсатында «Эколом» бағдарламасы жасалып, қала тұрғындары пайдалана бастаған. Бұл жоба арқылы керексіз тұрмыстық бұйымдарды оңай, әрі тез өңдеуге мүмкіндік туып отыр дейді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі.

«Бізге әлеуметтік желілерде арнайы контейнерлердің сыртында қоқыс шашылып жатқаны туралы көптеген шағымдар түседі. Негізі контейнердегі қоқысты келісім-шарт бойынша «Тәртіп» компаниясы тазалайды. Ал, сыртында жатқан пластик, металл, плитка секілді басқа да қалдықтарды бұл компания тазалауға тиісті емес. Сондықтан ешкім қоқыс тазаламайтын секілді көрінеді. Негізі, тұрғындар қоқысты алып кетуі үшін өздері ақша төлеуі керек. Енді осы «Эколом» стартап-жобасының арқасында ақша төлемей, керісінше табыс таба алады», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Айта кетейік, кез келген адам «Эколом» бағдарламасын смартфонына жүктей алады. Сөйтіп қалдықты суретке түсіреді де, бағасын жазып, тапсырыс қабылдаушы мекемеге хабарласады. Аталмыш бағдарламаның көмегімен бизнес те жасауға болады. Десе де, елде қалдықтан жаңа өнімдер алу әлі күнге дейін табыс көзіне айналмай отыр


«Бұл эколомның негізгі мақсаты -  бала-шағаға үйден шығатын қалдықтарды алдымен сұрыптауды үйрету. Кішкентай кезінен көріп өскен бала кейін өзі солай ететін болады», – деді «Эколом» бағдарламасының авторы Талғат АСЫРАНҚҰЛ.

Қалдықты сұрыптап өткізу қазір Еуропа елдерінің бәрінде дерлік мықтап қолға алынған. Ал, өкінішке орай Қазақстанда қоқыс тастау мәденитеті енді ғана қалыптасып келеді дейді мамандар.

Елімізде өндірістік және тұрмыстық қоқыстарды өңдеумен айналысатын 130-ға жуық мекеме жылдық қоқыстың тек 9 пайызын ғана өндіруге қауқары жетеді екен. Себебі, қала тұрғындары өңдеуге келетін әр түрлі материалдардан жасалған керексіз қоқыстарын осындай бос жатқан жерлерге әкеліп тастайды. Ал, «қоқыс байлыққа айналған заманда» оларды сату арқылы пайда табуға болатындығын халықтың бірі білсе, бірі біле бермейді.

Бүгінде елімізде қалдықтарды өңдейтін зауыттар салу қолға алынғанымен, бұл салада шешімін таппай келе жатқан түйткілдер шаш-етектен. Егер, қоқыс зауыттарының жұмысын мемлекет қатаң қадағаласа, табиғаттың тынысы ашылып, талай адам жұмысқа тұрып, баламалы әрі арзан энергия көздерінің мол қорын жасауға мүмкіндік туар еді. Осы тұста, «Эколом» бағдарламасы игі істің бастауы болмақ.

Аяулым Көлжігіт, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы.