Қала дүкендерінен 17 келі сапасыз азық-түлік тәркіленіп, 11 кәсіпкерге 1 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды
Алматыдағы ірі дүкендерге санитарлық тексеріс жүргізген дәрігерлер Қытайдан келген шабдалы мен Чили жүзімдерінің құрамынан химиялық препараттар тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол аз десеңіз, саудагерлер тауарлар құжатын толық көрсете алмаған. Яғни, тауар өндіруші мен жемістің жарамдылық мерзімі және сақталу шарттары туралы еш дерек болмаған. Сондықтан сапасыз тауарлар саудадан алынып тасталды.
«Нитраттар дегеніміз – жеміс-жидектерден мол өнім алу үшін қолданылатын химикаттар. Нитраты жоғары жеміс пен көкөністерді пайдалану, біріншіден, асқазан ішек-жолдарын зақымдайды. Сондай-ақ ол бауырға да зиян. Кей адамдарда ол аллергия түрінде көрінсе, енді бірі улануы да мүмкін. Нитраттар тіпті орталық жүйке жүйесі үшін де қауіпті», – дейді Алматы қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.
Санитарлық дәрігерлер жыл басынан бері дүкендердегі көкөніс өнімдерінен 72 сынама алған. Мамандардың айтуынша, оның 42-сінен сәйкессіздіктер табылыпты. Яғни, дүкен сөрелерінен тіпті жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарлар да табылған. Жалпы салмағы 17 келіні құрайтын сапасыз азық-түлік тәркіленіп, 11 кәсіпкерге миллион теңгеден асатын айыппұл салынды.