Мәжілісмен Мақсат Толықбайды толғандырған мәселе – Яссауи кесенесінің қазіргі жағдайы
Қазақстанда қолжетімді деген медицинаға халықтың қолы жетпей тұр. Жұрт ауруханаларда кезек күтіп шаршаса, ақылы емдеу мекемелеріндегі қызмет құны қалтаны қағады. Денсаулық сақтау саласындағы әлі оңалмай тұрған түйткіл бүгін Мәжіліс қабырғасында қайта көтерілді. Депутаттар бірнеше жыл бұрын енгізілген медициналық сақтандыру жүйесі төңірегіндегі мәселе шаш етектен деп, көптің наразылығын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәжіліс мінберінде бүгін депутаттар көтерген өзекті мәселе – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. «Бірнеше жыл бұрын енгізілген бастама әлі де жетілдірілмеген, шикі тұсы көп» дейді Асхат Аймағамбетов. Мәселен, қазір қараша халық ауруханаға барып, тексерістен тегін өтемін десе, кемі 3 ай күтеді. Ал ақылы түрін таңдаса, бұған бар жоғы 3 минуты кетеді. Мәжілісменнің айтуынша, бұл - халықтың қаржысын қанау. Азаматтар ай сайын жалақыдан жарнаны бөліп төлегенімен, оның қызығын көре алмайды. Сондықтан бұл жүйені тағы пысықтау керектігін жеткізді.
«Халық еріксіз ақылы қызмет алуға мәжбүр. Олар «біз не үшін ай сайын жалақымыздан жарна төлейміз» деп сқрайды. Бұл – негізінен жасанды мәселе. Өйткені енгізілген қаржыландыру жүйесіне де байланысты болып тұр. Мысалы, емханалар іс жүзінде ай сайын квота арқылы қаржы алады. Мәселен, бір айға КТ жасауға 10 квота, МРТ жасауға 5 квота беріледі. Пациенттерге медициналық ұйымды таңдау еркін беріп, тегін медициналық көмек кепілдендірілген көлемі пен медсақтандыру пакетін нақтылауды ұсынамын», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов
Ал мәжілісмен Мақсат Толықбайды толғандырған мәселе – Яссауи кесенесінің қазіргі жағдайы. Депутат келтірген дерекке сәйкес, алты ғасыр тұрған мінәжат орны 6 күнде жермен-жексен болуға шақ қалыпты. «Кесененің соңғы 2-3 жылда қабырғалары қопсып, тұзданып жатыр. Дақтар пайда болып, үсті жарылған» деді депутат. Сыртын сылап-сипай беруден ештеңе өзгермейді. Сондықтан ғылыми-зерттеу, сараптама арқылы қалпына келтіру керегін жеткізді.
«Қара дақ түскен. Тайқазан маңын «туристердің үстіне сылақ түсе ме» деп қоршап тастаған. Баяғыда қолымен барып ұстауға болатын. Одан да қалдық. Бұл мәселе неден туындап жатыр? Қазір айналасына жасанды көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Күндіз-түні құйылған су кесене астына кетеді. Біз өздігімізден көп нәрсе шеше алмаймыз. Ол – әлемдік мұра тізімінде тұрған ғимарат. Олар енді осы мәселені қыркүйек айында көтереміз деп отыр. Оған дейін күтіп отыра алмаймыз ғой. Бүгін шұғыл түрде сауал жолдадым», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай
Күн тәртібіндегі мәселелер де қалыс қалмады. Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы келісімді ратификациялады. Енді кедендегі кедергілер айтарлықтай азаяды. «Аталған заң жобасы отандық тауар тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған» деді қаржы министрі. Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, қазір «Кеден» деп аталатын қосымша әзірленуде. Бұл шекара бекетіндегі барлық қызметті цифрландыруға бағытталған.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы