Тамызда қазақстандықтарға 42 500 теңгенің жартысы, яғни 21 250 теңге берілетін болды. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, аталған мәселеге қатысты Президенттің тікелей тапсырмасы бар. Сол себепті екі аптаға созылған карантинге байланысты төлем міндетті түрде жүргізілмек.
Айта кетейік, Қазақстандағы карантин шаралары тағы екі аптаға ұзартылған болатын. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталған жағдайда ол тамыздың 17-ісінде аяқталуы тиіс.
Алайда вице-премьер елімізде әлі де той-томалақтың тыйылмай жатқанын айтуда. Салдарынан індет жаппай таралып жатыр. Мәселен, Қостанай облысы Жетіқара қаласында тойға барған бір адам 8 туысына вирус жұқтырған. Нұр-Cұлтан қаласынан Көкшетауға барған ұлы ата-анасын және тағы 13 тума-туысына коронавирус жұқтырған.
Салдарынан анасы мен әкесі көз жұмды деді. Қарағанды қаласында бір адам індетті мерейтойға қатысқан 18 адамның 16-сына жұқтырған. Дәл сол қалада карантин уақытында жұмыс істеп жатқан түнгі клуб анықталды. Онда 200-ден астам адам болған. Осы сияқты мысалдар жетіп артылады, дейді Ералы Тоғжанов.
Сондықтан қазақстандықтарды өзінің де, өзгенің де өміріне жауапкершілікпен қарап, салтанатты жиындарды кейінге қалдыруға, ал көңіл айтуды қоңырау шалу арқылы жасауға шақырды.