Көшеміздің аты бар, заты жоқ: жол азабын тартқан қаскелеңдіктер ақжағалыларға наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
​Қала әкімінің айтуынша, көшенің жұмысы енді басталады​
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көшеміздің аты бар, заты жоқ. Қаскелең қаласының тұрғындары осылай деп арнамызға шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарық та жоқ көшемен қешқұрым жүруге бала түгіл ересектің өзі қорқады. Ақши көшесі тек қағаз жүзінде ғана жасалыпты деп шағым айтқан халық ақжағалылардың алдына барғанда түсініксіз жауап алған.

«Үлкен кісілер былтыр барған кезде  Ақши көшесінде асфальт  төселген  деп айтыпты», – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Ақбөпе Баранбаева.

«Қыста жол шұрық-тесік, тіпті жеңіл көлік жүре алмайды. Балалар сабақтан кеш қайтқанда жарық жоқ», – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Шарбан Ахатова.

Кәріз құдығын да жай есеп үшін салған дейді тұрғындар. Құдықтың қақпағы ғана бар, бірақ жұмыс істемейді екен.

«Төрт жыл бұрын орнатқан. Бірақ бізге көшеге уәде етіп, тас төседі. Асфальт төсейміз деген, бірақ нәтиже жоқ», – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Шарбан Ахатова.

Қалада отырып, ауылдың күйін кештік деген ел  жауапты мамандарға сауал жолдап, ресми құжатқа көз жүгіртпек болды. Ал жергілікті билік тұрғындар талап етіп отырған жол мәселесі жоспарға енді енетінін айтты.

«Асфальт жасалған деген құжат жоқ, жалған ақпарат. 2021 жылы бюджетке енгізуге өтінім бердік. Біз былтыр Достық көшесін жасадық, ендігі кезекте 12 көше тұр», – деді Қарасай ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаев.

Ашуланған ағайынның жағдайын жақсы білемін деген қала әкімі де қалың жұрт арасындағы қаңқу сөзге сенбеген дұрыс дейді. Айтуынша, бұл маңдағы көшенің жұмысы енді ғана басталады. Ал, кәріз құбырларын қайта жаңартып беремін деді.

«Құжаттамасы дайын жоспарда бар. Суықтөбе, Базой сияқты қазірше  орталық көшені жасадық.  Сонымен бірнеше жерге су тартып жатырмыз. Оның барлығын шешеміз», – деді Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев.

Әкімінің айтуынша, көшенің жартысы толық жөнделген. Ал тұрғындар талап еткен тұсына уақытша тас төселмек.  

Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров