Елімізде коммуналдық қызмет ақысы қымбаттайды

30.06.2023 01:01

Аталған мәселе бұған дейін де Үкімет отырысында талқыға түскен еді

Altaynews.kz

Коммуналдық қызмет қымбаттайды. Шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа тариф елдің әр өңірінде әртүрлі болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұған дейін республика бойынша электр энергиясы қымбаттаған еді. Орта көрсеткішке сай, ел аумағында жарық тарифінің 40%-ға дейін артқаны байқалған. Ендігі жерде өзге коммуналдық қызметтердің де бағасы өседі. Мәселен, Алматыда бір үйден төленетін ақы кәріз бен су бойынша 600-700 теңгеге дейін жетпек. Демек, үстемақы шамамен 150 теңгеге көп деген сөз. Бұл тұста мамандар «2014 жылдан бері тарифтің өзгермей келгенін де ескеру керек» дейді.

– Яғни, өзгертілмеді дегеніміз – көтерілмеген, тек төмендеген. Қазіргі таңда 1 шаршы метрге 1 шілдеден бастап 55 теңге 20 тиын төлейтін болады. Кәріз қызметтеріне – 29 теңге 74 тиын. 15 пайызға тариф өсіп жатыр. Бірақ Қазақстан бойынша Алматыда ең төменгі тариф деп саналады, – деді «Алматы су» МКК ресми өкілі Серік Шәкіров

Нақты айтсақ, мегаполистегі меже бойынша: суық су үшін төлем – 15 пайызға, жылу үшін – 20 пайызға, ал электр энергиясы үшін 11 пайызға қымбаттайды. Жауаптылар мұны қаладағы желілердің тозуымен байланыстырады. Аталған мәселе бұған дейін де Үкімет отырысында талқыға түскен еді.

– 2023-2024 жылдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жоспары бар. Мәселен, жөндеу жұмыстарының қажетті көлемде және келісілген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету, энергия көздерінде отынның және қосалқы бөлшектердің нормативтік қорын жасау. Сондай-ақ әр өңірдегі коммуналдық қызметтің сапасы қайта қаралады, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Алматының өзінде жылу желілері 59,2 пайызға ескіріпті. Су жүйесі 54,4, ал кәріз 57,4 пайызға жарамсыз боп қалған. Жартысынан көбін жаңартуды қажет ететін құбырлар осы көтерілген тарифтің негізінде қалыпқа келмек.

– Инвестициялық бағдарламада қосымша көзделген шаралар желілердің тозуын төмендетуге арналған. Бағдарлама 2029 жылға дейін жұмыс істейді. 2029 жылға дейін тарифті өзгертіп, 15 пайызға тозған құбырларды азайту керек, – деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Әсел Бөденеева.

Мамандардың айтуынша, құнның көтерілуі көпшілікке айтарлықтай әсер етпейді. Заңды тұлғалар үшін де бұл тариф тауарлар мен қызмет бағасына өзгеріс әкелмеуі керек. Дегенмен, өскен баға апаттың азайып, коммуналдық қызмет сапасының артуына сеп болады деген сенім бар.

Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы қаласы бойынша 3-9 шілде аралығындағы ауа райы болжамы