Қырғыз халқы бауырлас ұлттардың өкілдерін ерекше қонақжайлықпен қарсы алды
Ош қаласы – Түркі дүниесінің 2019 жылғы мәдени астанасы атанды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осыған орай өткен аптада қырғыз еліне түркі тілдес елдерден делегациялар жиналып, тарихи оқиғаны дүркіретіп атап өткенін жазған едік. Мұндағы негізгі мақсат – бауырлас елдерді бір-біріне жақындастыру, тарихты, мәдениетті жаңғырту. Бұл Мағжан Мұмабаев, Мұстафа Шоқай сынды алаш ардақтыларының айтып, насихаттап кеткен арманы еді. Түбі, тегі тамырлас туысқан халықтар өзара ынтымақтасса ғана үлкен күше айналады деген еді.
Жалпы, жақсы істердің өтуіне ұйытқы болып жүрген Түрксой ұйымы неге дәл осы Ош қаласын таңдап алды? Себеп – көлеңкеде қалған көне қаланы көтеру. Өйткені осыдан 9 жыл бұрын өзбек қырғыз арасында орын алған қақтығыстан соң халықтың еңсесі едәуір түсіп кеткен еді. Әрі мұндай ауқымды шара Ошта осыдан 19 жыл бұрын, қаланың 3 мың жылдығы тойланғанда ғана өтіпті.
Қырғыз халқы төл мәдениетінің қай-қайсысын болмасын ерекше мақтаныш, құрметпен көрсетуге құмар. Бұл күні айырқалпақты көршілер қонақтарды адыраспанмен қарсы алып, «сүмөлөк» атты ұлттық тағамының дайындалу жолын танытып, сый астан сыбаға тартқызды. Сондай-ақ, қала көлемінде мерекелік іс-шаралармен қатар алқалы жиындар өтті.
Ғалымдардың сөзінше, Ош – бағзыда Бабыр аяқ басқан, Пайғамбар мекен еткен, шығысқа танымал ғұламалар ғұмыр кешкен, бергісі адамзатқа ортақ Айтматовтың балалық дәуірі өткен жер. Әрі Оштан Нарын арқылы Шығыс Түркістанға, Алтай аймағы арқылы Қытайға шығуға, Ферғана арқылы Бұқара, Самарқанға, Қазақстан арқылы орыс далаларымен Еуропаға жол ашылады.
«Ош – шығыс пен батыстың мәдениеті, өркениеті тоғысқан жер. Иран, түрік, қырғыз, моңғол ұлтының өкілдері Ош қаласында тату-тәтті өмір сүрген. Сосын зороастризм, буддизм, христиан, ислам діні осы жерде тамырын жайған. Мұнымен қоса, Ош қаласы тоғыз жолдың торабы болды. Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропаның тауарлары Ош арқылы Қытайға жеткізіліп отырды. Тағы бір айта кетерлігі, Оштың даңқты ғалымдар да шыққан», - дейді тарих ғылымдарының докторы (Қырғыз Республикасы) Байболат АБЫТОВ.
Ош атының алысқа кетуіне Сүлеймен тауының да себебі бар. Тау бұрын отқа табынушылардың жері болса, кейін мұсылмандар құлшылық қылатын орынға айналыпты. ЮНЕСКО-ның тарихи мұралар тізіміне енген бұл таудағы мұражай-үңгір 1200 шаршы метрден асады. Екі қабатты үңгірдің ішіндегі 15 шақты бөлменің өз айтары бар.
«Бұл үңгір кешені екі қабаттан тұрады. Астыңғы қабаттағы 13 бөлме дүниелік діндер залы деп аталады. Ол, жерде буддизм, ата-бабаларға сиыну, шаманизм, ырым-тыйым, ислам залдары бар. Ал, екінші қабаттан қола дәуіріне байланысты да жәдігерлерді тамашалауға болады. Сонымен қатар, бұл жерге келген қонақтарға тау айналасындағы тарихи орындарды көрсетеміз», - дейді «Сулейман тоо» мұражайының қызметкері Жибек ТАШМАТОВА.
Сондай-ақ, Ошты Ош қылған, бүгінгі дәрежесіне жеткізген Көкім бей, Қуат бей, Алымбек датқа, Құрманжан датқа сынды өздері мақтанышпен құрметтейтін қайраткерлер мен батырлардың көптеп шығуы.
Құшағын ашқан, ақ жарқын ағайын мен бауырлас елдерге өз мәдениетін көрсетуге еліміздің Мәденит және спорт вице-министрі бастаған бір топ делегация келген. 13 мемлекеттен жиналған 2 мыңдай өнерпаз өз өңірлерінің мәдени ерекшелігін насихаттады.
Шара барысында этномузыка, этномода, қолөнер, сан ұлттың өзіне тән тағамы, ұлттық бұйымдары сынды түрлі фестивальдер ұйымдастырылды. Түркі халықтарының мәдениетімен танысу шарасынан соң бауырлас ұлттар 4 шақырымдық шеру өткізді.
«Түрксой» халықаралық ұйымы мәдени астана шарасын 2012 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Түрксойдың түрткі болуымен бүгінгі күнге дейін Түркияның Эскишехир, Кастомону, Түрікменстанның Мэри, Әзірбайжанның Шеки, ал өз елімізде Түркістан, Астана қалалары, Татарстанның Қазаны сынды 7 қала түркі дүниесінің мәдени астаналары атанып үлгерді. Мәртебелі атаққа ие болуға ынталы қалалардың қатары қалың болғанмен, тәуелсіздігі жоқ түркі тілдес халықтардың жерінде бұндай шараны ұйымдастыруға кедергі көп.
«Мағжан Жұмабайұлының мерейтойын бүкіл түркі дүниесінде өткіздік. Алаш арыстарының сол заманда айтып кеткен өсиеттерін біз енді ғана орындай бастадық. Олар ғасыр бұрын түркі халықтары бірігуі керек деп айтып кеткен. Сонда ғана арманымыз орындалады деді», - дейді «Түрксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ.
Ош қаласындағы мәдени шаралар легі бірнеше күндік саммит және фестивальмен бітпейді. Жыл соңына дейін халықаралық деңгейде 25-тей ірі іс-шара өтеді деп жоспарланған. Балқан түбегі мен Алтай арасын жайлаған жұртты жинап, ірі-шараларды өткізудің тағы бір тиімді жағы – қаланың мәртебесін көтеріп, туристік танымдық тұрғыдан тынысын ашу. Ал, елдің басшылары бір миллиондай халық тұратын Ош халқының рухы көтеріліп қалды дейді.
«Мәдениеттің басты миссиясы – адамдағы адамдықты, рухани байлықтарды, гуманизм идеяларын, тыныштық пен бірлікті, толеранттылықты сақтап қалу. Біздің мейрамға келген барлық өнер адамдарына, алыс-жақыннан келген ардақты меймандарымызға алғысымызды білдіреміз. Ошты түркі дүниесінің мәдени астанасы ретінде ашық деп жариялаймын», - деді Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай ЖЭЭНБЕКОВ.
Тілі басқа болса да – тілегі, ұлты бөтен болса да – діңгегі бір халықтар арасындағы татулықты ту етіп, бірлікті мақсат тұтқан шара осылай 4 күнге жалғасты. Соңғы 19 жылдан бері жөндеу көрмеген қала жаңарып, тағы бір тарихи кезеңге аяқ басты. Үш мың жылдық тарихымыз бар деген айыр қалпақты ағайын 13 мемлекеттен келген делегация мен ЮНЕСКО-ның басшыларына барын көрсетіп бақты. Төрткүл дүниеде экономикалық, саяси тұрғыдан бірі бірі тұқыртуға тырысып, соңы жанжалдасуға жалғасып жатқанда түркі ағайындар барын бағалап, әр ұлтқа тән дәстүрді дәріптесе ғана ел, мемлекетаралық достықтың орнауына бастау болмақ деді.
Әмірболат Құсайынұлы.