Жиынға әлемнің 17 елінен медиакеңістікте беделі бар сарапшылар шақырылған
«Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы ма?» Алматыда осындай атаумен Еуразия медиа форумы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үш күнге жоспарланған шараның алғашқы күнінде танымал шетелдік журналистер шеберлік дәрістерін өткізді. Дәстүрге айналған конференцияда әлемдік және аймақтық деңгейдегі көкейтесті мәселелер талқыланбақ. Яғни әлемде не болып жатыр, қандай қауіп-қатерлер бар және қоғамдағы Бұқаралық ақпарат құралдарының атқарар рөлі қандай деген сұрақтар төңірегінде саясаткерлер, экономистер және басқа да сала өкілдері пікірлерін ортаға салып жатыр.
Штаттан тыс, тәуелсіз журналист бола жүріп табыс табудың икемділік, табандылық қасиеттерін меңгерген журналистің бірі – Дженни Климан. Баспасөз, телевизиялық, онлайн-журналистиканы жетілдіру жөнінде шеберлік дәріс өткізген ұлыбританиялық журналист фрилансер болудың ерекшелігін ой елегінен өткізді.
«Тәуелсіз журналист болу үшін адамда идея мен энергия көп болып, икемділік пен жауапкершілік секілді қасиеттеріңді дамытуың керек. Фрилансер ретінде бірнеше редакцияда жұмыс істеу жұмыс сапасына кері әсер етпеу үшін журналист тек нақтыланған, тексерілген ақпаратпен жұмыс істеуі керек. Ең бастысы журналист өз ісін жақсы көруі керек», – дейді ұлыбританиялық тәуелсіз журналист Дженни КЛИМАН.
Форумның алғашқы күні медиа-сарапшылар шеберлік дәрістерін өткізіп, жаһаннан жылдам жаңалық жеткізудің жолдары туралы өз тәжірибелеріндегі көрген-түйгендерін түсіндірді. Жиынға 17 елден әлемдік медиакеңістікте беделі бар тұлғалар, сарапшылар, әр салада өзін мойындатқан кәсіби тұлғалар шақырылған. Жалпы, жиында журналистика саласындағы үрдістер, әп-сәтте әлемнің кез келген түкпірінен ақпарат алу, мобильді журналистиканың аяқ алысы, журналистиканың цифрлық дүниедегі келешегі мен блогерлер ықпалының күрт күшеюі сынды тақырыптар кеңінен талқыланды.
«Жастар қазір теледидарды көп қарамайды. Олар VR - ойын сауық индустриясына, ойын мен кино, мобилді қосымшалар сынды жүйелерге көп жүгінеді. Жаңалықтар өнеркәсібі артта қалғандықтан, біз заманауи технологияларды қолданып, ойын-сауық индустриясы секілді оныда жетілдіруге тырысамыз», – деді «Al Jazeera» телекомпаниясы медиастудиясының жетекшісі Захра РАСУЛ.
АҚШ өкілдер палатасында ұзақ жыл жұмыс жасаған, консалтинг компаниясын басқарып отырған Уэлдон мырза Орта Азия елдеріндегі БАҚ өкілдерінің сөз, ақпарат тарату, оқиғаныі шынайлығы туралы ойын былай деп қортындылады.
«Қазақстанда журналистердің агрессивті сұрақ қоюынан мұнда сөз бостандығының жоғалмағанын білуге болады. Бірақ кімнің жақсы, кімнің жаман екенін халық журналистер арқылы емес, өздері шешеді. Қазір әркім кімді тыңдап, кімді оқу керектігін де өздері шешеді. Жастарға жұмыс істеуге, ойын еркін айтуға мүмкіндік беру керек», – дейді АҚШ конгрессмені Курт УЭЛДОН.
Еуразия медиафорумы өз тарихында 6000-нан аса шетелдік қатысушылардың қаржысын көтеріп, 16 жыл қатарынан кеңес өткізген екен. Еуразия медиа форумын жыл сайын өткізудің басты мақсаты – халықаралық қауымдастықты толғандыратын геосаяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері бойынша сарапшылардың пікірталасына жағдай жасау. Ал алдағы екі күнде «Блумберг» ақпарат агенттігінің аймақтық директоры, Тодд Баер, Армения Президенті Армен Саркисян сынды ондаған спикерлер өз ойларын ортаға салады деп жоспарланған.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы