«Бюджетке қатысу»: алматылықтар келер жылдан бастап бюджет қаражатын өздері жұмсайды

09.04.2019 00:51

Жергілікті бюджет қала тұрғындарының пікірі негізінде құрылмақ

Фото Максима Золотухина

Енді тұрғындардың өздері бюджет қаржысын қажеттіліктеріне қарай жұмсайды. Алматыда келер жылдан бастап «Бюджетке қатысу» атты пилоттық жоба іске қосылмақ. Оның аясында қаланың әр ауданына нақтылы қаражат аударылып, ал халық оны өздері үшін маңызды бағыттарға бөлетін болады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осылайша, бұрын қолдауға ие болған Меңдіқұлов, Шухов көшелеріндегі және Мемлекеттік музей жанындағы «Журналистер» гүлзары, «Жас қанат» ықшам ауданындағы Маяк паркі, 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақты абаттандыру жөніндегі жобаларды кейінге қалдыру ұсынылды. Жалпы, бюджет қала тұрғындарының пікірі негізінде құрылмақ. Бұл ашықтықтың түрі Лондон, Рим, Берлин, Париж және Мәскеуде енгізілген.

«Келер жылдан бастап «Бюджетке қатысу» пилотты жобасын бастауды ұсынамын. Мұнда әр ауданға белгілі бір сома аударылады. Қаражатты тұрғындардың өздері ақылдаса отырып, маңызды, қажетті деген бағыттарға бөледі. Қала тұрғындары «Open Almaty» жүйесі арқылы өз ұсыныстарын, жобаларын ұсынады, олар жарияланып, көпшілік дауысқа салынып, үздіктері анықталады. Ұсынылған жобаларға Қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар, бюджеттік комиссия бағаларын береді. Алматыда әр ауданға орта есеппен жарты миллиард теңге бөлуге болады деп есептеймін. Яғни, сегіз ауданға 4 млрд. теңге немесе қала бюджетінің 1%-ы бөлінеді», - деді Алматы әкімі Бауыржан БАЙБЕК қоғамдық кеңестің отырысында.

Сондай-ақ, халықпен кері байланыс жүйесі де ретке келтірілмек. Мәселен, Алматы әкімдігінің барлық әлеуметтік желілерде ресми аккаунттары бар. Ал, Instagram парақшасына 200 мыңға жуық адам жазылған. Күн сайын 500-дей өтініш түсуде, олардың әрқайсысы «Open Almaty» бірыңғай жүйесіне енгізіледі, бақылауға алынып, сарапталады. «Open Almaty» мобилді қосымшасы онлайн-қызмет көрсету бойынша қаланың түрлі сервистерінің басын қосып отыр.