Ал, бәріне кінәлі Мұрат Сабалақов әлі іздеуде
Алматыда бір көліктің төңірегінде дау шықты. Жергілікті тұрғын сол көлікті сатып аларда алаяққа бір алданса, «сот орындаушысы көлікті заңсыз тартып алды» деп тағы шағымданып отыр. Десе де, ешқандай сот шешімінсіз көлікті ауладан айдап әкеткен сот орындаушысы сүттен ақ, судан тазамын деп ант-су ішті. Almaty.tv тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтап көрген болатын.
Даудың басы осыдан тура 3 жыл бұрын басталған. Владимир Горохов, көлігін келісімшарт бойынша 3 миллион 300 мың теңгеге сатпақ болған. Сөйтіп, Мұрат Сабалақов есімді азаматпен темір тұлпардың ақысын ай сайын бөліп төлеуге келіскен. Тең жартысын өтеп болғаннан кейін Сабалақов тайып тұрған.Ол аталған көлікті Дильмурат Адылов есімді азаматқа 2 миллион теңгеге сататын болып, оның 1 миллион теңгесін алған. Қалған қаражатын өтеу үшін өзінің компаниясына жұмысқа шақырған.
Алайда көп ұзамай, көліктің төленбеген айыппұлдары шаш етектен екені белгілі болыпты. Содан кейін, Адылов 3 ай дегенде көліктің техникалық паспорты бойынша бастапқы қожайыны Гороховты тауып, өзінің де соның кебін кигенін түсінеді.
Ал араға бір жыл салып Адыловтың үйіне өздерін сот орындаушыларымыз деп таныстырған азаматтар келіп, көлікті алып кеткен. Бірақ қолына бір жапырақ қағаз да ұстатпапты.
«Белгісіз адамдар үйіме келіп, өздерін сот орындаушысымыз деп таныстырды да, көлікті алып кететіндерін айтты. Мен соттың шешімін сұрап едім, олар ешнәрсе түсіндіре алмады. Сосын бірге бардым, бірақ ешқандай айып тұрағы қабылдамады. Көлікті Сейфуллин мен Бөкейханов көшесіне қойғызды. Алайда, 2 күннен кейін барсам, көлік онда жоқ болып шықты. Әділет департаментінен анықтағанымда, бұл іс бойынша ешқандай материал жоқ, сот орындаушы көлікті алмаған болып шықты», - дейді жәбірленуші Дильмурат АДЫЛОВ.
Адыловтың үйіне жеке сот орындаушы Жалғас Аңдақұловтың барғаны рас болып шықты. Тіпті, оның келіп, көлікті алып бара жатқанын бейнекамераға да түсіріп алған.
«Өндіруші тарап Гороховтың ресми өкілінен өтініш келіп түсті. Онда Сабалақов Мұрат есімді азаматтан ақшаны өндіріп алу керектігі бойынша жазылған. Бұл борышкер іздеуде жүргендіктен, біз де таба алмадық. Ал, Гороховтың көлігін Адыловқа сатып жібергендіктен, мен көліктің техникалық құжаты бойынша оның кімге тиесілі екенін анықтадым. Көлік әлі Гороховтың атында екен. Яғни, Сабалақов өз атына аударып үлгермеген. Тек, заңсыз Адыловқа сатқан. Сондықтан, мен көлікті Адыловтан алып кетуге еш құқығым жоқ деп бас тарттым», - дейді сот орындаушысы Жалғас АҢДАҚҰЛОВ.
Бір қызығы, соттың көлікті алып кетуге болады деген шешімін көрсете алмаған Гороховтың ресми өкілімен қоса, көлікті айып тұрағына қоюға сот орындаушысы мен Талғар ауданының учаскелік полиция қызметкері бірге барған. Ал Адыловқа құзырлы орган қызметкері көліктің техникалық құжатын қайтарып беремін деп уәде еткен. Алайда, қайтарып бермеген.
Ал, бәріне кінәлі Мұрат Сабалақов әлі іздеуде. Бұған дейін де бірнеше рет істі болған азаматтың тіркелген мекен-жайы бойынша тұрмайтын көрінеді.
«Бұл автокөлікті алу үшін жеке сот орындаушысы заңсыздық жасады. Ең алдымен ол соттың шешімінде көзделмеген іс-қимылын жасады. Екіншіден, өзінің қызметтік куәлігін көрсетпеген. Үшіншіден, өзінің тиесілі атқарушы іс бойынша қаулы шығармаған. Мен өзім ойлаймын, жеке сот орындаушы жалғыз әкімшілік емес немесе қызметтік жауапкершілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек» - дейді заңгер Шолпан РИЗАБЕКОВА.
Ал, ашынған Адылов, қала мен аудандық құқық қорғау органдары дауды шеше алмаса, онда Жоғары сотқа шағымданамын деп отыр. Ол ақшадан бұрын өзінің әбден әбіргірге түскендігіне налиды.
Әйкерім Ердәулетқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы