Жер сатылмайды: Игерілмеген және тиімсіз игерілген жерлер мемлекет меншігіне өтеді

12.09.2020 01:07

Алдағы жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий мерзімі аяқталады

Акорда

Алдағы жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий мерзімі аяқталады. Бұл туралы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында баяндаған еді. Осыған байланысты бұл мәселе жөнінде түпкілікті шешім қабылданды. Мемлекет басшысының айтуынша, жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұдан былай игерілмеген және тиімсіз игерілген жерлер мемлекет меншігіне өтетін болады. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің материалында.

Жер кодексінің 24-бабының 1-тармағында мемлекет меншігіндегі жер шетелдіктерге, шет елдік қатысуы бар заңды тұлғаларға ауыл-шаруашлығын дамыту мақсатында 25 жылға жеке меншікке емес, пайдалану ретінде беріледі делінген. Десе де 2016 жылы 6 мамырда  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл бапқа мораторий жариялаған еді.

«Тағы бір маңызды мәселе. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт-Тоқаев.

Жер құқық қатынастарын реттеу мәселелерімен 20 жылдан бері айналысып жүрген Гүлнар Төлеуқадірқызы мораторий аяқталғаннан кейінгі жағдай уақыттың еншісінде екенін айтады.

«Жер кодексінің 23-бабына сәйкес, жер қандай жағдайларда жекеменшікке беріледі? Біріншіден, бұл Қазақстан Республикасының азамттарына, заңды тұлғаларға қандай мақсатта беріледі. Тұрғын-үй құрылысы, саяжай, бағбандық үшін, сондай-ақ, ауыл шаурашылық саласын дамту мақстаныда беріледі. Жер кодексінің 23-бабына мораторий енгізілмеді. 24-бабына енгізілді. 24-бап ауыл-шаурашылығы мақсатында жекеменшік мәселесін қарастыратын бап болып табылады», – деді заң ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ профессоры Гүлнар Айгаринова.

Сондай-ақ Президент өз жолдауында технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отырғанын айтты. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды деп атп көрсетті. Ол осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу керек деп тапсырды.

«Біз бар жерді дұрыс пайдалануымыз керек. Ол үшін ғылымның жетістіктерін пайдалана отырып, оның өнімділігін көтеруіміз керек. Яғни, біріншіден, жерді тоздырмауымыз керек. Оның құнарлығын төмендетпеуіміз керек», – деді ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Серік Кененбаев.

Бұдан бөлек, игерілмеген және тиімсіз игерілген жерлерді анықтап, оны мемлекет меншігіне қайтару мақсатымен мониторинг жасау заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Түгендеу барысында анықталған 12,8 миллион гектар игерілмеген жердің 7 миллион гектары мемлекетке қайтарылды. Жерді алған қожайын оны игеру ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Ұлағат Арғын