6 қанатты ақ үйді бір адам өзі құрастырып, көшіре алады
Ауыр жүкті бөлісу – парыз. Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге қол ұшын созып жатқандар көп. Күні кеше Жетісу облысының Көксу ауданынан түрік ағайындарға 34 киіз үй жіберілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұқры ауылының тұрғыны Жарқын Қайса металдан киіз үй жасауды біраздан бері кәсібіне айналдырған. Бірнеше цехы бар кәсіпкер 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазір жұмысшылардың бар күш-жігері қазақтың ақ үйін жасауға жұмсалып жатыр. Өйткені Түркиядағы зілзаладан кейін жиналмалы баспанаға деген сұраныс артқан. Жағдайға бей-жай қарамайтын жомарт жандардан түсіп жатқан тапсырыс көп екен. Соңғы 2 аптаның ішінде бауырлас елге 34 қазақ үйі жасалып, жөнелтіліпті.
«Жүрегім елжіреді. Өйткені ата-бабамызға пана болған шаңырақ қиын сәтте түрік бауырларға баспана болғанына қуандым. Бір кісілік үлесімді қосып, азаматтық борышымды орындадым. Мойнымнан жүк түскендей сезіндім. 70-80 үй жасап шығаруды ойға алып отырмыз», – деді кәсіпкер Жарқын Қайса.
Тігін цехында еңбек ететін 12 адам киіз үйдің іші-сыртына керек жабындарды тігеді. Шаңырақ бөлігін су өткізбейтін қалың кенеппен, ал керегелерін киізбен қаптайды. Мұндай төзімді, мықты материалдар панасыз қалғандардың кәдесіне ұзақ уақыт жарайды.
«Күннің суығына қарамастан әйелдер «қазақ үйіміз баспана болғай» деген тілекпен тігіп жатырмыз. Су өтпейді, қыста жылы. Қолмен де, машинамен де тіктік», – деді тігінші Жолтықхан Зияөтен.
Толық жасалып біткен 6 қанатты ақ үйдің салмағы әрі кетсе 150 келі болады. Сондықтан киіз үйді бір адамның өзі құрастырып, көшіре алады.
Назкен Еркін, Эльвира Лекерова, Абзал Нүсіпов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы