Қыздарды қорлайын, намысына тиейін деген ниет болған жоқ – Жәлел

06.03.2020 23:55

Оқушы әйелдерді өз құқығын қорғауға шақырған

“Қыз деген маркер ғой. Ол жазбай қалса, тастай саламыз". Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл сөзіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айтуынша, оның пікір-пайымын батыстық тәрбие алғандар мен орысша оқығандар бұрмалап жіберген. Абайтанушы не айтқысы келді? Оның бұл ойына қатысты халық қалаулылары не дейді?

Ақпараттың, желінің дамыған заманында қоғамдық ой тудыратын мәселелер шығып жатқаны анық. Осы бір себептен ел алдына шығып жүрген азаматтарымыз қай жерде, қай аудиторияда қандай сөз айту керектігін ескеріп, барынша сақ болуы тиіс,  дейді мәжілісмен Бақытгүл Хаменова. Депутат болашақ ана бүгінгі қыз балаларды маркерге теңеу туралы әңгімені талшыбықтай өсіп келе жатқан жасөспірім балаларға айту жөн емес деп түсінеді. Айтуынша, оқушылар қазір мақта сияқты. Жақсыны да, жаманды да тез сіңіреді дейді халық қалаулысы.

«Бәрі де бесік тербеткісі келеді. Әрбір қыз бала өзінің өмірге келген миссиясын біледі. Бірақ қазір замана көші ілесіп келе жатыр. Сонымен қатар, қағазын да оқи жүріп, қоғамға да қолғабысын жасай жүріп, ана болу ол әрбір адамның қолынан келеді. Себебі ата-анамыз айтып кеткен жоқ па, аналар  әлемді бір қолымен тербетеді, бір қолмен бесікті тербетеді деп. Сондықтан елді де билеген, елге қажетті зиялы қауымды да әкелген ол – ана. Сондықтан да ананың бәрін кепкен маркерге теңеу бұл қателік деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытгүл ХАМЕНОВА.

Алайда, Омар Жәлел менің сөзімді батыстық тәрбие алғандар мен орысша оқығандар бұрыс түсініп, бұрмалап жіберді дегенді алға тартады. Назарбаев зияткерлік мектебінде кездесуде болған кезде қазақтың дүниетанымын айттым дейді. Айтуынша, басты мақсат қыз мұраты оқу, академик болу емес, кету екенін, сол академик-докторларды туып, тәрбиелеу керектігін жеткізгісі келген.

«Бұны қазақша тәрбие алған адамдар оңай қабылдады да, батыстық тәрбие алған, орысша оқитын қыздар «біз неге елге тікелей қызмет ете алмаймыз» деп үре түре келді.  Сол кезде жалпы қазақтың өзінің дүниетанымында жаратылыс мақсаты деген болады деп айттым. Әр нәрсенің аты бар, заты бар. Мысалы, мына қолымыздағы маркерді жазу керек. Сонда ғана ол атына заты сай болады. Егер ол жазбаса, біз оны лақтырып жібереміз,  атына заты келмейді. Сол сияқты қыз баланың аты қыз болғаннан кейін, оның заты бар. Оның әйелдік заты бар. Ол ана болуы керек, бала сүюі керек, жар болуы керек, отбасын құруы керек. Олар алғанда бізді маркерге теңеді, лақтырып жіберу керек деді деп түсінген.   Әркім өзінше түсінеді ғой. Өйткені қазақта жаңағыдай астарлы түсінуден, теңеу сөзді түсінуден біз қалып бара жатырмыз. Шын мәнінде, менде қыздарды қорлайын, намысына тиейін деген ниет болған жоқ», – деді абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар ЖӘЛЕЛ.

Ғалымның бұл пайымына еліміздің Білім және ғылым министрлігі де пікір білдірді. Олар абайтанушының әйелдің қоғамдағы рөліне қатысты ойымен мүлдем келіспейтінін жеткізді. Бірақ Омар Жәлел білім берудің мемлекеттік ұйымдарында жұмыс істемейтіндіктен, оған қатысты тәртіптік жаза қолданыла алмайтынын жеткізді министрлік. Ал білім беру ошақтары мектепке бөтен адамдарды шақырмастан бұрын шарада оқушыларға ұсынылатын материалдың мазмұнын бекітуі тиіс. Айта кетейік, абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған дәріс кезінде оқушы қыздарды білім қууға емес, бала тууға шақырған еді. Бұдан соң аталған білім ордасының 11-сынып оқушысы Аяулым Қанатбек әлеуметтік желіде пост жазып, оның сөзімен келіспейтінін айтқан. Осылайша оқушы әйелдерді өз құқығын қорғауға шақырды. Жасөспірім қыздың позициясын білім беру ұйымының әкімшілігі де қолдаған болатын.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар

"Алматы" телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан