Іле Алатау ұлттық табиғи паркі бақылау-өткізу бекетін электронды форматқа көшірмек

06.08.2019 23:57

Былтыр бұл тау бөктеріне 120 мың демалушы келіп, бекеттегі бақылаушыларға 52 млн теңге төлеген

Экологиялық бекет автоматтандырылған жүйеге толығымен тамыз айында өту керек болатын. Алайда пилоттық жоба бірнеше рет кейінге шегерілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазіргі таңда экологиялық бекетте 10 инспектор қызмет етеді. Ал демалыс орнына жұмыс күндері 200 демалушы келсе, сенбі мен жексенбі күні олардың қатары 6 есеге бірақ артады екен. Төлем жасау тұрғысында студенттерге, зейнеткерлерге, мектепке дейінгі жастағы балаларға жеңілдіктер бар. Тек, мүмкіндігі шектеулі азаматтар ақысыз кіре алады.

«Мәселен бер жағынан біздің туристік сүрлеу жолын қолданатындар болса, ол 452 теңге 50 тиын болады. Егер ол қолданбай кафе, мейрамханадан Тау-спадан қайтатын болса, 252 тиын 50 тиыннан болады. Соның бәрін сұрап халықтан солай жібереміз», – деді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Қайыржан ЖЫЛҚЫБАЕВ.

Бұл қолма-қол төлем осы тамыз айында тоқтатылып, электронды форматқа көшу керек болатын. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында осындай тапсырма берген еді. Алайда экологиялық бекет автоматтандырылған жүйеге көшуге әлі асығар емес.

«Бұл әңгімені ұлттық парк 2010 жылдан бері қозғап келе жатыр. Бірақ өкінішке орай бұл жүйені енгізу кішкене қиындықтар тудырды. Неге десеңіз, өйткені мысалы қазір әуежайға баратын болсақ, Алматы қаласына кіру жүйесі өте оңай жасалған. Ол жерде себебі әр көлік басынан алынады. Ал ол үшін бізге де бұдан былай көлік емес, адам санын есептеу керек», – деді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Тілек ӘДІЛЖАНОВ.

Әзірге тек екі терминал орнатылғанымен әлі іске қосылмаған. Одан бөлек, «Оңай» төлем карталары арқылы төлеу мүмкіндігі жасалуы тиіс. Бұл – көлеңкелі ақша аударымдарына тосқауыл болмақ.

«400 теңгеден алатын адам басына. Жаз жылына бір-ақ мәрте келеді. Сондықтан жылына бір рет шығып демалу үшін ол қымбат емес», – деді бір тұрғын.

Былтыр бұл тау бөктеріне 120 мың демалушы келіпті. Олар демалыс орнына кіргені үшін бекеттегі бақылаушыларға 52 млн теңге төлеген.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы