«Артспорт» жобасына не үшін айыппұл салынбақ

21.06.2022 02:53

Енді тегін үйірмелер мен секциялардың қызметін бақылау жергілікті әкімдіктерге жүктелмек

«Артспорт» жобасының мердігерлеріне мемлекеттік тапсырыс талаптарын толық орындамағаны үшін айыппұл салынады. Бұл туралы қоғамдық тыңдауда Мәдениет комитеті басшысының орынбасары Күміс Сейітова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алайда енді тегін үйірмелер мен секциялардың қызметін бақылау жергілікті әкімдіктерге жүктелмек. Бұған дейін ешбір орган қадағалау жүргізбеген. Ал бұл талаппен ата-аналар мен қызмет көрсетушілер келіспей отыр. Олар бақылау жүргізуге емес, қосымша тағы қаржы бөліп, тегін үйірмелермен балаларды көптеп қамтуға баса көңіл бөлінуі керек деп санайды.  

Вероника Доморева елордадағы жиналысқа Алматы облысынан арнайы келіпті. Оның екі баласы би және сурет салу үйірмесіне барып, өнерлерін ұштап жүр екен. Ауылдық жерлерде ақылы үйірмелерге беруге қалталары көтермейтінін айтады. Ал «Артспорт» жобасы балалардың дамуына үлкен мүмкіндіктер беріп отыр дейді.

«Менің ұлым қазір 6 жаста. Бұған дейін ол тұйық бала болатын. Биге бара бастағаннан бері ол қоғамдық іс-шараларға қатыса бастады. Байқауларға барып, балалармен еркін араласатын болды», – дейді Алматы облысы Береке кентінің тұрғыны Вероника Доморева.

«Артспорт» жобасының жалғасуын жаттықтырушылар мен оқытушылар да талап етіп отыр. Мемлекет бірнеше айдың ішінде мердігерлерге бұған дейін қызметі үшін төлемеген қарызын өтеген. Алайда енді кезектегі балаларды тегін үйірмелермен және секциялармен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзіндегі кезек күткен бала саны 60 мыңға жуықтайды.

«Тарифті төмендету, баланың жасын көтеру, мысалы бала футболға алты жастан барса, олар сегіз жасқа дейін көтерейін деп жатыр. Біз оған қарсымыз», – дейді футбол үйірмесінің жетекшісі Қуат Ерғалиев.

Енді жұмыстың сапалы орындалуын жергілікті әкімдіктің бақылауына беру мәселесі көтерілуде. Бұған дейін қызмет көрсетуші компаниялардың жобаны жүзеге асыру барысын ешқандай орган қадаламаған. Алайда мердігерлердің талабы - үйірмелерді жергілікті әкімдіктер емес, қоғам белсенділері тексеруі тиіс. Олай болмаған жағдайда, жемқорлық фактілері көбейеді деп есептейді. Мәдениет министрлігі әр теңгенің сұрауы барын ескертті. Егер жұмыс тиісті деңгейде орындалмаса, үйірмелерді үйлестірушілер Заңмен қатаң жазаланады.

«Шығармашылық және спорттық тапсырыс 2021 жылы қолданысқа енгізілген. Сондықтан осындай апробация жүргізгеннен кейін, бақылау функцияларын енгізу деген ой болды. Бүгін ата-аналардың және өнім берушілердің ең бірінші талабы - бақылау функциялары мемлекеттік органда, яғни жергілікті органдарда болмау керек», – деді ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова.

Министрлік «Артспорт» жобасы жабылмайтынын жеткізді. Алайда, балаларды спортпен қамтуды кезең-кезеңмен жүзеге асыру керек дегенді алға тартып отыр. Ал дегенмен қаржыландыру мәселесін шешу жергілікті атқарушы органдарға міндеттелмек.

Асылбек  Тойбек, Данияр Омар «Алматы» телеарнасы