Әнуар Өскенбаев бұл сауалдарға тікелей эфирде жауап береді
Қаптаған көліктерден көз ашпаған Әуезов ауданы тұрғындары Жетісу-4 шағын ауданында тұрақ мәселесін шешіп беруді сұрайды. Олар ретсіз қойылған жеңіл көліктердің өздеріне қолайсыздық туғызғанын, атап айтқанда, балаларына қауіп төндіріп тұрғанын айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Көліктердің бұлай тұрғаны дұрыс емес деп көршілерге айтып жүрміз. Ең болмаса, жанына бір көлік өтетіндей жол қалдыру керек қой. Аяқ астынан Жедел жәрдем не өрт сөндірушілер келсе, не болмақ? Олар көліктердің кесірінен үйді-үйдің арасына кіре алмай қалады. Әуезов пен Момышұлы ортасындағы жолдар шағын, тіпті ол жердегі құдық та дұрыс жабылмаған», – дейді тұрғындардың бірі Баян ТОҚТЫБАЕВА.
Сондай-ақ апатты жатақханада тұратын жұрт оны қалпына келтіруге аудан әкімдігінің көмектесуін өтінеді. Талай жылдан бері жөндеу көрмеген үйдің халі, шынында мүшкіл.
«Электр жүйесін жөндеген. Бірақ шала-шұрпы істеп, аяқсыз тастап кеткен. Электр тұстама ашық тұр. Жертөледе кәріз жүйесі құбырлары жарылған, істемейді. Одан сасық иіс шығады. Қала берді, электр пешпен отырмыз, газ жоқ», – дейді жатақхана тұрғыны Бейімбет ЖАҚСЫМБЕТОВ
Ал, Әуезов ауданындағы 11-ші шағын аудан тұрғындары балалар алаңқайын жөндеп беруді сұрайды. «Жеткіншектер есік алдына шығып бой жазудан қалды – дейді олар. Одан бөлек, тұрғындар ондағы жарықтандыру жүйесін де жөнге келтіруді талап етуде.
«6 үй мен 10 үй ортасынан өтетін жол бар. Сол жолдағы шамдардың біреуі істесе, екіншісі істемейді. Жанып тұрған шамдардың өзі де үстінен ағаш жауып қалған, айналаға түк жарық түспейді . Кешке аулаға шығып отыру қауіпті. Оқушылар мен студенттер сабақтан қайтады. Сондықтан бізге осы жарықтарды тезірек жөндеп берсе екен», – деді тұрғындардың бірі Роза АДИЕТОВА.
Бұл сауалдарға алдағы бейсенбі сағат 19:30-да Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаев тікелей эфирде «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасында жауап береді. Аудан тұрғындары мазалаған сұрақтарын қазірден бастап «Алматы» арнасының ресми сайтында қалдырып, уатсап қосымшасы арқылы жазбаша, аудио және бейне жазба ретінде жіберсе де болады. Сонымен қатар тікелей эфир кезінде студияға қоңырау шалу арқылы да сауалдарға жауап алу мүмкіндігі қарастырылған.