Пойыз билеттері тапшы: делдалдарға қымбатқа ұрынбау үшін қандай жолы бар

24.06.2023 00:04

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» компаниясының өкілі айтып берді

Almaty.tv

Қазақстанда пойыз билеттерінің тапшылығы қолдан жасалатындай. Жұрт жақындарына баратын жаз айында жол жүру қағазын табу  қиынның қиыны, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бірақ қайдан екені белгісіз делдалдарда билет бар. Алайда оның құны әдеттегіден екі есе қымбат.

Елдегі көптеген бағытқа пойыз билеттерін алу мүмкін емес. Онлайн да, кассада да жоқ. Бірақ қайдан алғандары белгісіз, бір анығы пысықай делдалда ол бар. Кездесіп, сөйлесуді талап етпейді. Барлығы ватсап мессенджері арқылы жасалады екен.

Осындай делдалдардың кесірінен жақындарына асыққан жолаушылар жолдан қалуға мәжбүр болады. Адамдар онлайн билет таппаған соң вокзалға келіп, кассадан алуға талпынады. Алайда ондағы мамандардың өзі 10-15 күн бұрын келмедіңіз бе деп кері қайтарып жібереді екен.

Делдалдардан билет бағасын екі есе қымбатқа алмаудың бір ғана жолы бар дейді «Жолаушылар тасымалы» компаниясының өкілі. Егер билет таппасаңыз «күту парағы» деген сайтқа кіріп, қай күні қай бағытқа баратыныңызды жазсаңыз, билет табылған кезде сізге хабарлама келеді екен.

«Арнайы сілтемеге өткен соң,  хабарлама келеді. Сонда қай бағытта, қанша сомаға, нешінші орын, барлығы билеттегідей жазылып тұрады. Тек осы жерде батырманы басып, билетті сатып алсаңыз болады», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқали.

Билеттер тапшылығы маусым сайын қайталанатын мәселе. Жолаушылар тасымалымен айналысатын компания биыл жыл соңына дейін 2 мың вагонға қоса тағы 100-ге жуық отандық вагон сатып алмақшы екен. Ал келер жылдан бастап 2025 жылға дейін қосымша 200 вагон жолға шығады. Жауапты компания билет тапшылығын жою мақсатында осындай қадамға барып отыр. Ал вагондар көбейгенше қарапайым халық делдалдардан қымбатқа билет алып немесе күту парағын қолданып амалдай тұруына тура келеді.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы