Алматыда 1200 шақырымнан асатын арық желісі бар
Алматының арық желісі жуырда толықтай тексеруден өтеді. Аталған түгендеу жұмыстары арықтарда судың жазда толассыз ағуына, ал жауын-шашында жаңбыр суының көшеге шығып кетпеуін қадағалауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қапырықта қаладағы арықтарда судың сарқырап ағуы тұрғындар тынысының тарылмауына, ауаның салқындауына сеп болмақ. Ал мамандар қала ішінде судың сарқырап, жарқырап жатпауы өзендердің өзімізге тиесілі болмауынан дейді.
Гүлмира Біләлова – қаланың тарихын зерттеп-зерделеп жүрген музей қызметкері. Айтуынша, осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Алматының 40-тан астам көшесінде таудың таза мөлдір суы сарқырап, өткен ғасырдың 70 жылдарына дейін жалғасқан. Адамдары арығында ағып жатқан апортын жумай-ақ жей беретін еді деп еске алды.
«Алматының көркі тек қана ағаштары мен көшелері емес, арықтарда мөлдіреп ағатын суы да өз алдына бір керемет болатын. Алақандай апорт алмалары сумен ағып өткенде балалар соны жумай-ақ жей беретін. Яғни, арық деген ол – тек қана су емес, біздің Алматымыздың тарихының бір бөлшегі», – деді тарихшы Гүлмира БІЛӘЛОВА.
Таудың төбесі көлге, сайы сарқырай аққан суға толы болса да, Алматыдағы арық атаулының көбі қаңсып жатады. Сананы сергітіп, ыстықта ауаны салқындатып тұрған су аңғарлары сирек. Қапырықта құрғап жататын арықтар есесіне жаңбырда арнасына симай, көшені көл қылып жататын. Енді арнасы кепкен арықтар төрт ауданның аумағында қайта аға бастады.
«Жағасында демалып отырсаң да салқыны есіп, бір серпіліп қаласың. Сондай-ақ су буланып, ауа дымқылданып тұрады», – деді бір тұрғын.
«Арықтарды толтыру қажет! Қапырықта ауаны салқындатады ғой», – деді қаланың келесі бір тұрғыны.
Қаланың көркі, тіршіліктің ажырамас бөлігі болып табылатын арыққа қоқыс тастамай, таза ұстауды қала басшысы да бұқарадан бұған дейін сұраған. Себебі, жаңбыр мен таудан тасыған су бітелген арықтардың кесірінен көшеге жайылады. Ыстықтан ыққан ел самалында саялап, салқын леп есіп тұру үшін тамыз айында арнасы кепкен арықтарға толықтай су жіберілмек.
«Бізде арық жүйесі көп салалы. Біріншіден сел, тасқыннан қорғану, сосын көгалдандыру және ыңғайлы ауа райын қалыптастыруға бағытталған. Түгендеу жұмысы арқылы арықтың техникалық сапасын толық анықтаймыз. Жалпы қаланың таудың етегінде орналасуыда біз үшін оңынан болған. Суды қажетті бағытқа бұрсаң болды, өзі аға береді. Тегіс жазықта орналасқан кейбір қалалар секілді су соратын стансалар аз», – деді Алматы қаласы жасыл экономика басқармасының бас маманы Александр СЕРГЕЕВ.
Алматыда 1200 шақырымнан асатын арық желісі болса, олардың 850 шақырымнан астамы жол бойында, 370 шақырымға жуығы аулаларда орналасқан. Бүгінде ол арықтартдың жартысына жуығы ескірсе, жыл сайын 50 шақырымдай арық жүйесі жаңартылып жатыр. Ал жуырда арық желісіне толықтай инвентаризация жүргізілмек. Қала экологиясының жақсаруына жауапты жандар жаз бойы арықтағы судың суалып қалуын өзен иелерінің тіршілік нәрін қалаға мөлшерлеп бөлуімен түсіндірді.
Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы