Алматыдағы № 7 жалпы білім беретін мектептің оқушылары далада дәріс алып келуде. Төрт жылдан бері бастауыш сынып оқушыларына дене шынықтыру сабағы тек сыртта өткізіледі. Ал қара күзден бастап ата-анамен баланың уайымы арта түседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біздің бірінші сыныпқа баратын балаларымыз спортпен айналыспайды. Мектеп бөлмесіне қамалып дойбы, шахмат ойнаудан ары аса алмай отыр. Себебі, спорт зал апатты деп табылғаннан бері кішкентай балаларды үлкен залға кіргізбейді. Күн суытқанда жағдайымыз не болатынын білмеймін», – дейді ата-ана Алида МҰХАМЕДЖАНОВА.
2015 жылы бұл мектептің спорт залын мамандар апатты деп тауып, есігіне құлып салған. Ата-аналардың айтуынша, содан бері бастауыш сыныптың балалары күн суықта сыртқа шықпай, дене шынықтыру сабағын сыныптардың бірінде өткізеді екен.
Мектеп оқушылары дене шынықтыру сабағын өтуге тиіс бұл спорт залдың төбесі қақырап, құлаудың аз алдында тұр. Осының кесірінен балалар төрт жыл бойы мектеп ауласында шынығып жүр
Ал мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары бұл мәселгені жоққа шығарып отыр. Мектептегі 1 300 баланың барлығы да дене шынықтыру сабағын спорт залда өтеді деп сендіргісі келді.
«Бір спорт залға екі ауысымдағы сабақ кестесі жүйелі түрде жасалған. Дене шынықтыру сабағы барлық сыныптарда жүргізіледі», – деді директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Қымбат ШАРИПОВА.
Ал, үлкен спорт зал деген аты болмаса, мұндағы жағдай да мәз емес. Қыздар киім ауыстыратын бөлменің есігі сынған, ішінен жабылмайды. Ұл балалар бөлмесінде есік те жоқ.
Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы бұл мәселелердің барлығы келер жылы шешімін табады дейді. Биыл құжаттардың барлығы реттеліп, келісі жылдың республикалық бюджетіне енгізіліпті.