Алматыда ТЖБ мамандары Сайран су қоймасында рейд жүргізді

08.07.2021 01:30

Алматыда суға шомылу маусымы басталғалы бері 2 адам суға батып, мерт болған

Алматыда суға шомылу маусымы басталғалы бері 2 адам суға батып, мерт болған. Қайғылы жағдайдың екеуі де Сайран су қоймасында болыпты. Аптап ыстықта суға шомылатындар қауіпсіздік талаптарын сақтай ма? Біздің түсірілім тобы арнайы төтеншеліктермен бірге жағажайдағы жағдайды бақылап қайтқан еді. Нәтижесінде тыйым салынған жерлерге түскен демалушылар да табылды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі өрбітсін.

Бүгін Әуезов аудандық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары Сайран демалыс аймағында судағы қауіпсіздік бойынша тексеріс жүргізіп, келушілерге үнпарақ таратты. Одан бөлек мамандар рейд барысында тыйым салынған жерлерде шомылған демалушыларды анықтап, ауызша ескерту берді.

Сайран су қоймасында жұмыс істейтін құтқарушылар күніне кем дегенде 2-3 адамды өлімнен арашалап қалады екен. Өкініштісі сол – тыңдамайтындардың көпшілігі балалар. Мінекей, мамандар мына жерге түсуге болмайтынын айтса да, тыңдап жатқан бір адам жоқ. Сондықтан да құтқарушылар полиция шақыруға мәжбүр.

Кейін демалушылар төтеншеліктерді тыңдамағаннан кейін оқиға орнына полиция келіп, барлығын да қауіпті аймақтан шығарып жіберді.

«Сайран су қоймасында тексеріс жұмыстарын үнемі жүргізіп отырамыз. Алайда қала тұрғындары біз кеткеннен кейін қайтып келеді. Яғни, біздің ескертуге көп құлақ аса бермейді», – деді Әуезов аудандық жергілікті полиция қызметінің өкілі Данияр Кемебаев.

«Сайран көліне келетіндердің көбі кішкентай балалар. Сондықтан ата-аналардан өтінерім кішкентай балаларыңызды қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз. Өйткені балалар қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді», – деді Әуезов аудандық ТЖБ аға инженері Сұлтан Әбішев.

Сайранға күніне кем дегенде 300-ге жуық демалушы келсе, 6 құтқарушы таңғы 07.00-ден бастап кешке дейін жұмыс істейді.

Блиц:

«Құтқарушылардың жұмысына көңіліміз толады. Үнемі қарап жүреді. Болмайтын жерлерден асып кетсек, «кетіңдер» деп айтқайлап тұрады, әйтеуір», – деді қала тұрғыны Гүлназ Матекупова.

«Өз басым құтқарушыларға үнемі алғыс айтып жүремін. Әрқашан біздің қауіпсіздігіміз үшін шырылдап жүреді. Өзіміз де суға түсу ережелерін барынша сақтап, немерелерімізге қарап отырамыз», – деді қала тұрғыны Жамила Хасенова.

Айта кетейік шомылу маусымы басталғалы бері Сайранға 2 адам батып кеткен. Құтқарушылардың айтуынша, мұндай жағдайға тап болатындардың көпшілігі мас күйінде суға түсіп, ережені сақтамайды екен.

Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы