Атырауда 3 жастағы бала субұрқақта ойнап жүріп көз жұмды

Almaty.tv
Almaty.tv
Полиция қайғылы жағдайға байланысты тергеуді бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда 3 жастағы бала субұрқақта ойнап жүріп, көз жұмды. Аяғы тайып кетіп, ажал құшқан бүлдіршіннің өліміне субұрқақ ішіндегі сорғы себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғылы жағдай қаладағы орталық субұрқақтардың бірінде кешкілік уақытта болған. Асыр салып ойнап жүрген 3 жастағы ұл бала кенеттен су жиналған орынға құлап кетеді. Сөйтіп, аяғы сорғыға қысылып, ұзақ уақыт  шыға алмай қалған. Болжам бойынша, ол көп мөлшерде су жұтып, тұншығып қалған. Ал бала әпкелерінің қарауында болған. Қазір полиция қайғылы жағдайға байланысты тергеуді бастады.

– Кешенді тергеу амалдары басталды. Оқиғаның куәгерлерінен жауап алынуда. Бала өзінің ата-анасымен емес, үйіндегі жасөспірім әпкелерімен болған. Қылмыстық іске қатысты өзге ақпараттар тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды, – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Қала аумағында 40-қа жуық субұрқақ бар. Қазір соның 20-сы іске қосылған. Әкімдіктегілер бұған дейін барлық субұрқаққа тексеріс жұмыстарын жүргізген. Тіпті әрбір нысанға шомылуға болмайды деген ескерту ілінгенін алға тартты.

– Қаладағы субұрқақтардың барлығында суға түсуге болмайтынын, түскен жағдайда тері ауруларына шалдығатыны, оның астында тоқ желілері жүріп жатқаны туралы ескертпе жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер мекеме күнделікті субұрқақтың аумағын аралап, бақылау жұмыстарын жүргізеді. Осы 1 айға жуық уақытта қалалық әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп, ювеналды полиция қызметкерлері халықтың арасында, ата-аналарға да, балаларға да түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатын, – деді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.

Қайғылы жағдай  болған орын әлі күнге дейін қоршалмаған. Ал аталған нысандардың ең көп орналасқан аумағы – Жастар саябағы десек, жағажай бойында 15 субұрқақ бар. Қауіпсіздік ережелері де айтылып, жазылып жатқанымен, көпшілік құлақ асапайтын көрінеді.

Жұлдыз Қайратқызы,Фархат Тәжібаев , «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Қуып шықты: Таразда жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр

Новости партнеров