Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық сайлауалды штабы Алматыда қала активімен кездесті. Жиналған қауымға кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Достық үйінде өткен жиынға қаладағы түрлі этномәдени бірлестік өкілдері түгел қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үгіт-насихат тобы «Сабақтастық. Әділдік.Өрлеу» деп аталатын тараулардың тармағына тоқталып, жастар үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасын Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне де жете түсіндірді.
«Бұл – негізінен 3 бағытта жүретін бағдарлама: сабақтастық әділдік, өрлеу. Жалпы осы 3 мәселе тоғысқан жағдайда ғана елде жетістік болады. Елде табыс, береке мен бірлік болады. Сондықтан бұл тұғырнаманың негізгі мақсаты – осы», – дейді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Қали СӘРСЕНБАЙ,
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында ең басты нәрсе – сабақтастық. Елбасымыздың осыған дейінгі үлкен кемеңгер саясатын Тоқаев ары қарай жалғастырмақшы. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары арқылы бүгінде ұлттық өнеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен насихатталу үстінде», – дейді Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің директоры Ұлжан БАЙБОСЫНОВА.