Бүгінде 20 тоннадай құрылыс материалдары жөнелтуге дайын тұр
Алматының мемлекеттік қызметкерлері мен қалалық «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері Арыстағы жарылыстан жапа шеккендер қорына 15 млн теңгеден аса қаражат аударды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұмысшылардың бір күндік жалақысынан бөлек, Түркістан облысының тұрғындарына көмек ретінде тұрмыстық заттар, көрпе-төсек және құрылыс заттары жиналуда. Гуманитарлық көмек жинайтын пункт партия филиалының ғимараты жанынан ашылған. Қазіргі уақытта азық-түлік тауарлары мен 20 тоннадай құрылыс материалы жөнелтуге дайын тұр.
«20 тонна затты жіберуге дайын отырмыз. «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері өзінің бір күндік жалақыларын берді. Алматыдағы мемлекеттік қызметкерлердің барлығы да өздерінің бір күндік жалақыларын беріп жатыр. Және де «Нұр Отан» партиясының бастауыш бөлімшелері, кәсіпкерлер халыққа көмек қолын созуда зор белсенділік танытып отыр», – деді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Арман ҚАЛЫБЕКОВ.