Польша мемлекетінің Любомир князьдігі «Еркін мейірімділік қоғамдық қорына» ноутбук пен бетперде сыйлады

24.04.2020 00:09

Бұдан бөлек, Халықаралық еріктілер қорының көмегімен осындай 100-ге жуық ноутбук дәрігерлердің балаларына сыйға берілген

Almaty.tv

Қазақстанға төтенше жағдай кезінде тағы да 3 мың маска мен 10 ноутбук келді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл жолы мұндай сыйлықты Польша мемлекетінің Любомир князьдігі берді. Бағалы сыйлықты  қаладағы сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігі Ерлан Ысқақов «Еркін мейірімділік қоғамдық қоры» жетекшісі Аружан Саинға тапсырды. Бетперде қаладағы көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларға үлестіріледі. Ал, ноутбуктер сабақты қашықтан оқып жатқан көмекке мұқтаж мектеп оқушыларына табысталмақ. Сонымен қатар, бағалы сыйлықтардардың бір бөлігі өткен жылы Ирактан елге жеткізілген  балаларға да берілмек.

«Польша мемлекетіндегі серіктестерімізге зор алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі сәт бір-бірімізге нағыз көмек көрсететін шақ. Бұдан бөлек, күні кеше Халықаралық еріктілер қорының көмегімен осындай 100-ге жуық ноутбук дәрігерлердің балаларына сыйға берілді. Барша қала тұрғындары мен жомарт жандарды қолыңыздан келгенше көмек көрсетіп, пайдалы іспен шұғылдануға шақырамын», – деді «Еркін мейірімділік қоғамдық қоры» жетекшісі Аружан САИН.