Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Алматыдағы әлеуметтік нысандарды аралады

Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Алматыдағы әлеуметтік нысандарды аралады
Алматыда соңғы 3 жылда әлеуметтік саланы қаржыландыру 2,5 есеге өскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкімет мүшелері Алматыдағы әлеуметтік нысандарды аралап, халықтың әлеуетін арттыратын жобаларды өз көздерімен көрді. Содан соң Алматыдағы №2-ші клиникалық балалар ауруханасына ат басын бұрды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мекеме «Сандық медицина» бағдарламасы аясында толықтай қағазбастылықтан арылған. Науқастар тіпті, дәрігерге онлайн режимде де жазыла алады. Лабораторияда жасалған тексерулер электронды түрде көрсетіледі. Сонымен қатар, балаларға арналған консультативтік-диагностикалық педиатриялық орталық та өз жұмысын ойдағыдай атқаруда. Одан бөлек, ауруханада заманауи медициналық құралдармен жабдықталған ота жасайтын бөлме қарастырылған.

«2018 жылы осы аурухананың ішінен балаларға арнап ашылған Консультативтік-диагностикалық педиатриялық орталықта бүгінде кардиолог, онколог және ревматологтар кеңес беруде. Сонымен қатар, мұнда жыл басынан бері қант диабетімен ауыратын балалардың орталығы жұмыс істеп жатыр. Аталған орталық заманауи технологиялармен жабдықталған», –  дейді Алматыдағы № 2 қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Аида АХЕНБЕКОВА.

Министрлер осы сапар барысында «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына» да ат басын бұрды. Аталған мекеме басшысының айтуынша, институт заман талабына сай дамып келеді. Жаңа медициналық жабдықтар да алынып жатыр. Зерттеу орталығындағы құрылғылар еліміздің барлық өңірлерінен келетін науқастарды емдеуге қауқарлы.

Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкімет мүшелері мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығында да болды. Қазақстанда әзірге баламасы жоқ мекемені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер салған болатын. Мұнда 3 пен 15 жас аралығындағы кемтар балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалыпты. «Мейірім» деп аталатын орталықта әр бүлдіршінге жеке-дара даму бағыты қойылады.

«Даму орталығының дизайны Австриялық тәжірибемен салынған. Орталық 60 адамға арналған. Қазір 37 бала оқып жатыр. Мұғалімдеріміз мұнда бүлдіршіндердің жан-жақты дамуы үшін жұмыс істеуде. Ғимараттың ішіндегі жиһаздар да мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап жасалған», – дейді «Мейірім» даму орталығы директорының міндетін атқарушы Людмила ДРОЗДОВА.

Үкімет басшысының орынбасары «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жұмысымен танысып, егде жастағы адамдармен тілдесті. Ғимаратта қариялардың уақытты тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Мұнда медициналық кабинеттер, йога залы, қазақ және ағылшын тілін үйренетін бөлмелер бар.

«Ұзақ өмір сүруге кепілдік жасайтын осындай орталықтар көптеп ашылуы керек. Орталықтар тек Алматыда емес, бүкіл Қазақстанда жұмыс істеуі тиіс», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА.

Бүгінде Алматыда соңғы 3 жылда әлеуметтік саланы қаржыландыру 2,5 есеге өскен. Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға қала әкімдігі тағы 7 миллиард теңгеден астам қаражат бөліп отыр. Қазірдің өзінде мегаполисте 23 оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Олардың жартысы жекеменшік.

Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров