Қазір 1-топтағы мүгедектігі бар қыздың еміне 15 млн теңге қажет
Күлім көз, ғажап даусымен көптің көзайымына айналған «арбадағы қыз» аман қалудың амалын тапты. Әзірге құр үміттің құрсауында тұрған кейіпкер қол ұшын созар көпшіліктің көмегіне мұқтаж, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мен Ақеркені өзін мүгедек сезінбесін деп еш уақытта ортадан шеттеткен емеспін. Қай жерге барғысы келеді, апарамын», – деді Ақеркенің анасы Гүлзағи Жантаева
Мүмкіндігім шектеулі деп отырған Ақерке жоқ. Қатысқан байқау, жеткен жетістігі жетерлік. Қазір колледжде 2-курс оқитын кейіпкер бос уақытында ән айтып, жаттығады. Ол аяққа тұратынына сенеді.
«Мен ән айтқанда басқа адам сияқтымын. Мені сіздер танымай қаласыздар. Анамның жылағанын көру, қиын. Қуанғанын қалаймын. Анамды жылатқым келмейді», – деді кейіпкер Ақерке Сүлейман.
Ақерке – егіздің сыңары, бес баланың кенжесі. Әкесінен ерте айырылған қыз «бәлкім, тіреуім болғанда, аяққа әлдеқашан тұрар ма едім?» дейді. Қаршадай қыз қазір белін тік ұстай алмайды, оң қолын қимылдатуы да қиын. Тізерлеп жүреді. Жуырда кәмелетке толмақ.
«Мен жыласам, ол қоса жылайды. Мен мұңайсам, қоса мұңаяды. «Анашым, уайымдамашы. Әлі-ақ бәрі жақсы болады» деп мені жұбатады», – деді Ақеркенің анасы Гүлзағи Жантаева
Ақерке жұрт жиналған орынды жағалап, әнін айтып, ақшасын тауып жүр. Көпшілік оны әлеуметтік желі арқылы жақсы таниды. Қазір 1-топтағы мүгедектігі бар қыздың еміне 15 млн теңге қажет.
«7 млн қаражат жиналды. Ақеркенің видеоларын инстаграм, тиктокқа салып жүрдік. Алдағы уақытта алғашқы концертті Нарынқол ауданында, жалпы 14 ауылда, Ұзынағаш және Қаскелең қаласында қоямыз. Тікелей эфирді енді бастадық», – деді ерікті Әділет Оразалиев
«Сырқаты бойынша санаториялық курорттық емді, бөлмеде серуендейтін арнайы қоларбасын, әлеуметтік көмегін алып отырады. Аптасына 3 рет әлеуметтік қызметшілер көмектесіп тұрады», – деді Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы.
Көп көмек бір сеп болар, бірақ кішкентай жұлдызға ең керегі - қазір қаражат. Ота оңды жасалса, ол арбаға таңылмайды, арманына жетеді.
Мадина Оқас, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы