Елордада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған концерт өтті

27.02.2021 02:59

Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің артистері көрермендерге «Жыр алыбы – Жамбыл» атты театрландырылған қойылымын ұсынды

Almaty.tv

Елордада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған концерт қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты ашылуға мәдениет және ғылым қайраткерлері, Алматы және Жамбыл облыстарының делегациялары келді. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің артистері көрермендерге «Жыр алыбы – Жамбыл» атты театрландырылған қойылымын ұсынды. Ұлы ақынның баға жетпес мұрасын, өзіндік ерекшелігі мен дарынын ашып көрсететін әдеби-музыкалық композицияда оның атақты айтыстары мен әйгілі «Кең байтақ Қазақстаным», «Ақындарға арнау», «Күләшқа», «Ленинградтық өренім!» және т.б. шығармалары оқылды. 

«Қадірлі зиялы қауым! Жамбыл қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ерекше орны бар Алатаудай асқақ тұлға. Жыр дүлдүлі, эпик ақын ретінде қазақтың суырып салма импровизаторлық өнерін биік шыңға шығарды. Төл өнеріміз айтыстың ерекшелігі сөз тапқырлық емес, батылдық, өткірлік, шындыққа толы көркем бейнелі сөздер табу, қалың жұртқа қоғамдық мәселені айқын жеткізе алуымен құнды», – деді ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.