Алматыда «Жол бер - өмір сыйла» атты акциясы ұйымдастырылды

Алматыда «Жол бер - өмір сыйла» атты акциясы ұйымдастырылды
Жыл басынан бері Алматыда жедел жәрдем көлігі 43 рет апатқа ұшыраған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соның 85 пайызында темір тұлпар тізгіндеген қарапайым жүргізушілер кінәлі деп танылыпты. Негізгі себептерінің бірі арнайы транспортқа дер кезінде жол бермеудің салдары. Осы ретте бүгін қалада «Жол бер - өмір сыйла» атты акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы көшелерінде дабылын қосып, жүйіткіп жүрген жедел жәрдем бригадасы бұл жолы ешқандай шақыртуға асыққан жоқ. Тек жүргізушілердің қаншалықты жол беретіндігін сынап көрді. Арнайы автокөліктер науқастың жағдайына байланысты 4 топқа бөлінген. Соның ішінде 1-категория бойынша ең тез уақытта жетуі тиіс. Ол қаланың кез-келген жерінде 15 минутта болуы керек.

«Бірінші, екінші категориядағы жедел жәрдем көлігі 15 минутта шақыртылған жерге жетуі керек. Алайда, біз олардың шамамен 80 пайызына дер кезінде бара алмаймыз. Кешігудің негізгі себебі, өзге қарапайым жүргізушілердің жол бермеуі, сондай-ақ, көлік қозғалысының қиындығы», – дейді Алматы қаласы жедел жәрдем стансасының жолдағы қауіпсіздік инженері  Владимир ФОМИН.

Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаменті алғаш рет ұйымдастырған бұл шара «Алматы - адалдық алаңы» жобасы аясында өтті.

«Бұл акцияның негізгі мақсаты - жүргізушілердің сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілігі және олардың парасаттылығын көтеру мақсатында ұйымдастырылған.Жол бойы арнайы автокөлікті ескермеген жүргізуші болмады. Алайда, біраз уақыт өте жедел жәрдемнің діттеген жеріне жедел жетуі үшін кедергі жасағандар да табылды. Арнайы көлікке жол бермеген жүргізушілерге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады», – деді  Алматы қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Елнар ИГІЛІКОВ.

«Үнемі жол беремін. Ол деген ережеде солай жазылған ғой. Бір құдай біледі қандай жағдаймен бара жатқандығы. Біреулерге шұғыл көмек керек, Жол бермеген дұрыс емес», – деді бір тұрғын.

«Енді олардың өзі ереже бұзады. Жүргізуші жол ережесін сақтауы керек», – деді келесі бір тұрғын.

Осылайша, төрт сағатқа созылған рейд барысында дер кезінде медициналық транспорттың жүруіне кедергі келтірген тек 4 жүргізушіге айыппұл жазылды. Бұл жаман көрсеткіш емес дейді сала мамандары. Десе де, осы сынды шаралар ұдайы өткізіліп тұрмақ. Бұл көлік жүргізу мәдениетімен қатар, адам өмірінің маңыздылығын арттырады дейді ұйымдастырушылар.  

Арнат Байсеитов, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров