Балалар күнінде балабақшадан былық шықты

02.06.2023 00:16

Осыған байланысты тексеріс жүргізіліп жатыр

Almaty.tv

Балалар күнінде балабақшадан былық шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыдағы Түрксіб ауданында қажетті құжаттары болмаса да балабақша ретінде бүлдіршіндерді қабылдаған азаматқа қатысты тексеріс жүріп жатыр. Аудандағы санитарлық бақылау басқармасы санитарлық тексерістен өтпеген тұрғын үйдің бала қабылдауға құқы болмаған деп отыр.

Мекеменің сырты сыланбаған, шетінен құрылыс жүріп жатқанға ұқсайды, ал қақпасының темірлері шығып тұр. Ал көршілері мұндай қорқынышты жағдайда бала баққандары дұрыс емес деп отыр.

«Балалар түсте кілемнің үстіне ұйықтайды, төсек жоқ. Балабақша бір балаға 30 мың теңгеге дейін алады деп естідім. Мен балаларымның мемлекеттік балабақшаға барғанын қауіпсіз деп ойлаймын», – деді тұрғын Альбина Әбдірахманова.

Ал жарты сағат жанайқайды естіген соң әзер шыққан үй иесі бөтен баланы қабылдамаймыз, бұл балабақша емес деп бұлтарды. Оның үстіне, үйге кірген-шыққан адамды байқамадым деп қана жауап қатты.

Баспана қожайыны балабақша емеспіз деп сөйлесе де, куәгерлік еткен көршілер баламызды беріп көрдік деп отыр. Тіпті талапқа сай болмағандықтан, ауру арқалап шықтық деп ашулы.

«Осы балабақшаға келгенде, бөлім басшысы орын жоқ, бала қабылдамаймыз деп, басқа бөлімшесіне жіберді. Сол жерге барып, екі айдан соң балам пневмония болды. Бір топта бала саны көп, балаға дұрыс қарамайды. Ата-аналар балаларын жеке балабақшаға береді, себебі мемлекеттік балабақшада орын жоқ, тіркеле алмайды. Бұл– біздегі мәселе», – деді ата-ана Жазира Байжұмаева.

Түрксіб ауданының санитарлық бақылау басқармасы тек даулы мәселе желіге шыққан соң ғана тексеріс жасапты. Сөздерінше бұл балабақшаның барынан бейхабар.             

«Аталған балабақша санитарлық қорытындысы болмағаннан кейін бала қабылдауға құқы жоқ. Қорытындысы жоқ болғаннан кейін санитарлық ережелер сақталмаған деп түсінеміз. Қазіргі кезде балабақша бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне сұраныс жіберіп жатырмыз», – деді Түрксіб ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Бұхарбаева.

Мамандар бөбекжайлар тазалық маңызы жоғары объектіге жататындықтан, олардың санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы керек дейді. Аталған ауданда 23 мемлекеттік, 73 жекеменшік балабақша бақылауда бар екен.  Ал басы бәлеге қалған бұл нысанға қатысты енді қатаң тексеріс жүргізілмек.

Әлібек Шынтемір, Руслан Сүлейман, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Балаларға қауіпсіз демалысты қалай қамтамасыз ету керек