Заң жобасы әскери қызметшінің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған
Сенат депутаттары әскерилердің баспана мәселесін шешуге бағытталған құжатқа түзету енгізді. Оны қайта қарау үшін құжат Мәжіліске қайтарылды. Заң жобасы әскери қызметшінің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, еңбек өтілі он жылдан асатын, асырауында мүгедек баласы бар тұлғаларға, сондай-ақ әскери қызметтен босатылған адам қаза тапқан жағдайда, отбасы мүшелеріне өздері тұратын тұрғын үйді өтеусіз алу құқығы беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әскери қызметшілерді баспанамен қамту туралы заң жобасын Сенат Мәжіліске қайтарды. Онда қызметтен босату жағдайлары кеңейтіліп отыр. Дәлірек айтқанда, арнаулы мемлекеттік органның қызметкері қызметтен тыс уақытта есірткі, психотроптық заттар пайдаланса, қоғамдық орынға мас күйде арнайы формада келсе, ол жұмыстан шығарылады. Сондай-ақ әскерилерге арналған тұрғын үй қатынасы туралы заңға да өзгерістер енгізілді.
«Біріншіден, қайтыс болған әскери қызметшінің, арнаулы орган қызметкерінің отбасы мүшесіне қызметтік баспананы жекешелендіру, ақшалай өтемақы алу, айырбастау құқығын беру. Екіншіден, қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша немесе өтеусіз жекешелендіру. Үшіншіден, қызметтік үймен екі рет қамтамасыз етуді шектеу. Төртіншіден, модульді тұрғын үй ұғымын енгізу», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Сенаттың жалпы отырысында Мұрат Бақтиярұлы сондай-ақ, әскери кафедраларда студенттерді даярлау сапасына қатысты ұсыныс айтты. Себебі сенатор армияға барғысы келмейтін жастар бар екенін айтып, оны кей пысықайлар өз пайдасына асырады дейді. Ал оның бірден-бір дәлелі – әскери кафедралар. Сенатордың айтуынша, қазір еліміздің ЖОО-да тегін және ақылы негізде жүргізілетін 36 әскери кафедра жұмыс істейді. Кейінгі 6 жылда 11 оқу орнында әскери кафедра ашылған.
«Жүргізілген талдау әскери кафедралар бойынша мамандар даярлаудың бірқатар мәселесі бар екенін көрсетіп берді. Жасыратыны жоқ, әскери кафедрасы бар университеттер талапкерлер арасында үлкен сұранысқа ие, өйткені олар армияда қызмет етуден босатылуға заңды негіз береді. Мұны жоғары оқу орындарының басшылары жақсы біледі және қосымша пайда табу үшін әскери кафедра ашуға тырысады», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Бұдан бөлек, Сенат отырысында өзге де мәселелер көтерілді. Мәселен, депутат Ләззат Сүлеймен жоғары оқу орындарының жас түлектеріне арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тартымдылығын арттыру үшін оны өзгертуді ұсынды. Ол бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемін қысқарғанына тоқталды. Бұл көбінесе жобаға қатысушылардың тиісті төлемдерсіз қалуына әкеледі деп санайды. Ал сенатор Бекболат Орынбеков Жамбыл облысында су тапшылығы проблемасын шешу үшін жаңа су қоймаларын салу қажет деп отыр.
Сенатор Нұртөре Жүсіп 2023 жылы Бейбарыс Сұлтанның туғанына 800 жыл толатынына назар аударып, бұл мерейтойды халықаралық деңгейде атап өту үшін бюджеттен қаржы бөлу мәселесіне тоқталып өтті. Ал Бейбіт Исабаев жұмыссыздық мәселесін тиімді шешу үшін елімізде қалыптасқан еңбек нарығына терең әрі жан-жақты талдау жүргізуді ұсынды.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан