Ұлттық ұланның 30-дан аса техникасы қайта жасақталды

06.07.2022 00:19

Бүгін комиссия әскери мекемедегі арнайы көліктердің жарамдылығын тексерді

Almaty.tv


Қаңтар оқиғасында қатты зардап шеккен Ұлттық ұланның 30-дан аса техникасы қайта жасақталды. Бүгін комиссия әскери мекемедегі арнайы көліктердің жарамдылығын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, жыл басындағы дүрбелең кезінде Ұлттық ұланның екі көлігі толық өртеніп кеткен еді.

Жырақта жүретін жауынгерлер үшін радиобайланыс мүлтіксіз жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан бүгінгі тексеріс желінің жай-күйін байқаудан басталды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы бастаған комиссия тобы Ұлттық Ұланның 5571 бөлімшесінің әскери техникасын түгел тексеріп шықты.

«Жоюға болатын аздаған ескертпелер болды. Радиожеліде байланыс жеткіліксіз екені анықталды. Бірақ оны бірден жөндеп, экипаж командиріне тапсырдым», – деді Байланыс бөлімінің офицері Роман Петров.

Тексерісті тереңірек түсіну үшін бұл жұмысқа біз де араласып көрдік.

БТР-ден бөлек «УАЗ» маркалы автокөліктер мен сарбаздарды әрі-бері тасу үшін жиі қолданылатын әскери Камаздар қаралды.

«Камаз автокөлігін тексердік. Жағдайы жақсы. Аса бір ақау анықталған жоқ. Бірақ тазаланбаған жерлері болады енді. Оны жүргізушіге қосымша айтып отырамыз», – деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери полиция бөлімінің офицері Еркебұлан Шарықбаев

Еске салсақ, көліктердің дәл осы екі түрі қаңтар оқиғасында түгі қалмай жанып кеткен еді. Істен шыққан екі машинамен қатар мына қаз-қатар тізілген арнайы көліктердің тең жартысы, яғни қырыққа жуығы дүрбелеңге жұмылдырылған. Бейберекет кезінде машиналардың көбіне зақым келіп, әйнектері сынған болатын.

«Қалған автокөліктер бүгін сапта, жөндеулі күйде тұр. Ол техниканың жағдайы, қару-жарақтар тексеріліп жатқан арнайы автокөліктер бар. Соның барлығы жақсы баға алып жатыр бүгін», – деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5571 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Мерей Қонысбаев.

Сондай көліктердің бірінде болып, аяғынан жарақат алған Мерей Қонысбаев ерлігі үшін биыл «ІІ дәрежелі Айбын» орденімен марапатталған. Ол жауынгерлердің техникалық жасақталуы түрлі әскери операциялар кезінде үлкен маңызға ие болады дейді. Жалпы Алматыдағы Ұлттық ұланға 100-ден аса әскери техника тиеселі. Арнайы авокөліктер соңғы рет 2019 жылы жаңартылыпты. Қызметтегі көліктер 10 жылдан кейін есептен шығарылады.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы