Алматы облысында 5000-ға жуық репрессия құрбаны жерленген

01.06.2022 01:17

Зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған

Almaty.tv

Алматы облысының Жаңалық ауылында 5000-ға жуық репрессия құрбаны жерленген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алайда, «әлі күнге дейін әр бұрыштан олардың қаңқа сүйектері табылады» дейді ауыл азаматтары. Бір кездері ату жазасына ұшыраған «қызыл террордың»  құрбандарын мұнда көлікпен тиеп әкеп, шұңқырға тастаған. Сол қаралы тарихтың куәсі болған мекен бүгін қуғын құрбандарын еске алды, рухына тағзым жасады.

Қабырғадағы қара тақтада 4125 адамның аты-жөні жазылған. Діні, тілі түрлі болғанымен бұл тізімдегілердің бәрі «Алаштық» идеяның жақтаушылары саналып, Алматы облысында ату жазасына ұшырады. Ұлт тарихында ұлы, ал кеңестік тарихта «халық жауы атанған» азаматтар туралы толық ақпарды мына монитордан тиісті нөмірді теріп, көруге болады. Мұнда репрессияға ұшыраған құрбанның немен айналысқаны, қандай айып тағылып, қай күні жазаға кесілгені туралы ақпар бар.

Жазықсыздардың жүзін жасырған Жаңалықтағы зират маңында саяси қуғын құрбандарына арналған музей бар. Бұл – әзірге Алматы аймағындағы аштық пен зұлматтан қаза болғандарға тәу ететін жалғыз орын. Ал тізімде бар деген 4000-нан аса адам осында жерленгендердің ресми тіркелгені ғана.

«Біздің музейдегі мына 4125 адамның тізімі күн сайын толықтырылуда. Себебі, бұл тізімге кірмей қалған 10 мыңға жуық Алматы облысы бойынша қуғынға ұшырағандар бар. Олардың әрқайсысын күнделікті ұрпағының әкелеген құжатымен және өзіміздің архивтен тапқан деректердің негізінде тізім толықтырылып жатыр», – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев.

Зерттеушілердің соңғы мәліметіне сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың ішінде көшбасшы, көзі ашық, зиялы деген 25 мыңының желкесіне оқ тиді. Осы репрессия жылдарында КСРО аумағында 953 лагерь болса, бір ғана Қазақстанда оның 20-дан астамы орналасты.

«Не 10 жылға соттайды, не ату жазасы. Басқа ол жерде бап жоқ. Яғни, осы бойынша біз Алматы облыстық мемлекеттік архивінде 2 мыңнан аса адамның тізімін анықтадық. Олар да ақталған жоқ.  Тізім қазір толықтырылып жатыр. Негізі сол баяғыда бірінші комиссияда айтылған санның 10 еселенген түрі ғой деп есептеймін», – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның топ жетекшісі Еркін Стамшалов.

Тарихтың қанды беті қайта қаралғалы биыл 2-жыл. Мемлекет басшысы бекіткен Жарлыққа сәйкес, қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға байланысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Комиссияның қызметі түсініксіз баппен түрмеге тоғытылған, жазықсыз жазаланып, жасырын көмілгендерге әділ баға берілгенде ғана аяқталады.


Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы